Басты бетЖаңалықтарАуыл квотасымен...

Ауыл квотасымен жоғары білім алғандар мемлекетке 1,2 миллиард теңге қарыз

Қазақстанның жоғары оқу орындарында ауыл квотасы бойынша білім алған студенттер мемлекетке 1,2 миллиард теңге қарыз. Бұл туралы Тengrinews.kz ЖОО түлектерінің жұмысқа орналасуына мониторинг жүргізетін «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамына сілтеме жасап хабарлады.

Бүгінде соттарда ауыл квотасы шеңберінде мемлекеттік грант бойынша білім алу шығындарын тәркілеу жөнінде 68 талап-арыз қаралып жатыр. 2012-2017 жылдар аралығындағы түлектер бойынша «Қаржы орталығының» пайдасына 877 сот актісі шығарылған. Өндірілетін шығынның жалпы көлемі 1 миллиард 280 миллион теңгеден асады.

Ауылдарда маман тапшылығы байқалғандықтан мемлекет ауыл талапкерлері үшін белгілі бір жеңілдіктер ұсынды. Грант бойынша оқуға түсу үшін шекті балл қала мектептері түлектеріне қарағанда төмен болды. Студент оқуды бітіргеннен кейін ЖОО жанындағы комиссия түлек үш жыл жұмыс істеуі тиіс ауылды анықтады, — деді орталық директоры Асқар Ыбырайымов.

Ауыл квотасы бойынша грант иеленген студенттер, әсіресе, педагогика, медицина, ветеринария мамандықтары бойынша білім алғандар оқуды бітірген соң ЖОО жанындағы комиссия анықтаған ауылдарға барып, үш жыл жұмыс істеуі керек. Бірақ жас мамандардың бәрі бірдей бұл талапты орындамаған. 2012 жылдан бері 760-тан астам түлек ауылға бармаған.

2012 жылдан 2017 жылға дейін ауыл квотасы бойынша мемлекеттік білім грантымен 16 208 студент медицина, педагогика, ветеринария мамандықтарында оқыды. Қазіргі уақытта білім грантына бөлінген бюджет қаражатын өндіріп алу жөнінде сотқа дейінгі тәртіппен 381 жас маманға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз оларға грантты міндетті өтеу жөнінде хабарлама жолдаймыз, олардың жұмысқа қабылдау, жұмыстан шығару немесе басқа ұйымға ауысу туралы бұйрықтарын немесе тұрғылықты мекенжайын ауыстырғаны туралы анықтамасын және басқа да құжаттарын алу үшін телефон арқылы сөйлесеміз, хат алысамыз, — деді «Қаржы орталығының» өкілдері.

2018 жылы ауыл квотасымен медицина, педагогика, ветеринария мамандықтары бойынша 2000-нан астам түлек білім алған. Былтырғы жаздан бастап ауылға барып жұмыс істеу талабын 381 түлек орындамаған.

ДереккөзTengrinews.kz