«Қазір — еліміздің барлық жоғары оқу орнында мемлекеттік грант конкурсы үшін құжат қабылданып жатыр», — дейді қабылдау бөлімінің техникалық хатшысы Ғалия Ахметханқызы.

Талапкер
Ғалия Ахметханқызы. Фото: Айгүл Қожантаева/Baribar.kz

Жоғары оқу орнына қандай құжаттар тапсыру керек? Құжат тапсыру қашанға дейін жалғасады?

Қабылдау комиссиясы маусымнан бастап жұмыс істейді. Шығармашылық мамандықтарға құжат қабылдау 20 маусым мен 7 шілде аралығында болады. Себебі 8-13 шілде күндері журналистика, дизайн, сәулет өнері мамандықтарында шығармашылық емтихан болады.

Мемлекеттік грант тағайындау конкурсына өтініш қабылдау 18-26 шілде аралығында жүргізіледі. Қазір — құжат қабылдаудың қыза түскен шағы. Талапкерлердің көптігі сондай, қабылдау бөліміндегі қызметкерлер түскі ас ішуге әрең уақыт табады. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген талапкерлерге құжат тапсыру тәртібін түсіндіріп, бейіндік пәндерге сәйкес мамандықтар туралы ақпарат береміз.

Талапкер
Қабылдау комиссиясы. Фото: Айгүл Қожантаева/Baribar.kz

Талапкер грант иелену конкурсына қатысу үшін жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына мына құжаттарды тапсыруы керек:

  • белгіленген үлгідегі бланкіде өтініш;
  • білімі туралы құжаттың (аттестат) түпнұсқасы;
  • ҰБТ немесе ТКТ сертификаты;
  • 3×4 көлеміндегі алты фотосурет;
  • 086-У нысаны бойынша медициналық анықтама;
  • 063- формадағы егілу құжаты;
  • жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі.

Қабылдау бөліміне құжат тапсыруға келерде қажетті құжаттар тізімін алдын ала анықтап алған дұрыс. Құжаттардың көшірмесін жасатып, фотосуретке түсіп келсеңіз, құжаттарды рәсімдеу аз уақыт алады. Адамдар Қазақстанда қағазбастылық көп, анда-мында сенделтіп қояды деп шағымданып жатады. Егер әр адам өзінің міндетін және нақты не керек екенін білсе, түсініспеушілік болмайтын еді.

Білім беру грантын алуға басым құқығы бар тұлғалар бар. Олар қабылдау комиссиясына басым құқық иесі екенін растайтын құжаттарын қоса тапсыруы керек. Мысалы, шет тілінде тапсырылатын құжаттардың нотариалды куәландырылған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы болуы қажет және нострификациядан өткізілуі керек. Ал бірінші және екінші топтағы мүгедек азаматтар өзінің таңдаған мамандығы бойынша оқудың теріс көрсеткіші жоқтығын растайтын медициналық қорытынды әкелуі керек.

Мамандықтар мен оған бөлінетін грант саны туралы нақты ақпаратты қайдан білуге болады?

Қабылдау комиссиясы тек құжат рәсімдеумен айналыспайды. Алдымызға келген талапкерге барынша толық әрі нақты ақпарат беруге тырысамыз. Кей адамдар бізді үгіт-насихат жасап отыр деп түсінеді. Біздің құзіретімізде талапкерді үгіттеу деген функция жоқ. Мақсатымыз — толық ақпарат пен бағыт-бағдар беру.

Талапкер
Талапкерлер. Фото: Айгүл Қожантаева/Baribar.kz

Қазір ақпарат жүйесі ашық, қолжетімді. Барлық ақпаратты интернеттен оқып алуға болады. Бірақ ақпараттың рас не өтірігін, ақпарат көзінің сенімділігін тексеріп алған жөн. Кейбір талапкерлер мен ата-аналар қате ақпаратты оқып алып, қабылдау комиссиясында оны теріске шығарған қызметкерлерге сенімсіздікпен қарайды.

Мамандықтар мен жоғары оқу орны туралы ақпаратты ресми ақпарат көздерінен, ЖОО-ның арнайы сайтынан, қабылдау комиссиясынан немесе call-орталыққа хабарласып білуге болады. Әрбір жоғары оқу орнының, әрбір факультеттің техникалық хатшысы мен кеңесшісі қабылдау бөлімінде 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.

Ауыл квотасы бар талапкерлерге қандай жеңілдіктер қарастырылған?

Талапкер
Талапкер. Фото: Айгүл Қожантаева/Baribar.kz

Ауылдық квотасы бар талапкерлер «жинаған жалпы балға қосымша 2-3 балл қосылады» деген қате түсініктен арылуы керек. Мұндай заңды кімнің шығарып жүргенін білмедім. Бірақ талапкерлер бізге осындай сұрақ қояды. Ауыл жастары квота арқылы мемлекеттік грант иеленуде жеңілдікке ие бола алатыны рас. Алайда ешқандай қосымша балл арқылы емес. Бөлінетін гранттың жалпы санының 70 пайызы жалпы конкурс бойынша беріледі де, қалған 30 пайызы тек ауыл жастарының арасында өткізіледі.

Қандай мамандыққа грантпен түсе аламын? Грант бойынша оқуға түсу үшін қанша балл жинау керек?

Қабылдау комиссиясындағы қызметкерлерге ең жиі қойылатын сұрақ осы шығар. Қабылдау бөлімі грант тағайындаумен айналыспайды. Білім беру гранттарын тағайындау конкурс арқылы жүзеге асырылады. Ұлттық ЖОО-ның конкурсына қатысу үшін кемінде 65 балл, «Білім беру», «Ауыл шаруашылығы ғылымдары» және «Ветеринария» мамандықтарына тапсыру үшін кемінде 60 балл, басқа ЖОО-на кемінде 50 балл, «Жалпы медицина» мамандығы бойынша – кемінде 65 балл, оның ішінде Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы – оқыту тілі бойынша – кемінде 5 балл және әр бейіндік пәннен кемінде 5 балл жинау қажет.

Құжат тапсыруға келген ата-аналар мен талапкерлердің бойында қорқыныш пен толқу болатыны сөзсіз. Олар бізден: «Грантқа іліне ме, жоқ па?» деп сұрайды. Техникалық хатшы бұл сұраққа нақты жауап бере алмайды. Талапкердің грантқа түсіп-түспеуі ҰБТ-ден жинаған ұпайына, мамандыққа бөлінген грант саны мен аталған мамандыққа тапсырушы талапкерлердің санына байланысты. Жыл сайын грант саны да, грантқа түсудің шектік баллының көрсеткіші де ауытқып отырады. Сондықтан нақты мына мамандыққа түсесің немесе түспейсің деп айту қиын. Тек таңдаған бейіндік пән бойынша оқығыңыз келетін мамандық пен жоғары оқу орнын анықтаңыз. «Білім грантын жеңу мүмкіндігін өткен жылғы білім гранты конкурсын қарап, болжаммен анықтап көріңіз» деумен шектелеміз.

Талапкер
Фото: Айгүл Қожантаева/Baribar.kz

Білім беру гранты – жоғары білім алуға төлеу үшін ҚР заңнамасымен белгіленген шарттарымен білім алушыға берілетін қаржының нысаналы сомасы. Грант конкурсы кезінде ауылдық квотасы бар талапкерлер жеңілдікке ие болады. Сол сияқты тұл жетім талапкерлер мен мүгедектер арасында бөлек конкурс өтеді.

Бәрінің мемлекеттік грант жеңіп алғысы келеді. Талапкерлердің көпшілігіне қандай оқу оқып, қандай мамандық игеретіні, қандай қызмет ететіні маңызды емес, тек грантты жеңіп алу маңызды.

Ата-анасының қалауымен «элита мамандықтарды» таңдайтындар да бар. Оған бөлінетін грант саны аз болғанына қарамастан, құжат тапсыратындар саны жыл сайын өспесе, кеміп жатқан жоқ.

«Алтын белгі» иегеріне ешқандай басым құқық берілмей ме?

Биылдан бастап «Алтын белгі» иегерлеріне басым құқық берілмейді. Олар басқа да талапкерлермен жалпы конкурсқа түседі. Тек екі бірдей балл жинаған талапкер бір грантқа таласқан жағдайда ғана басым құқық «Алтын белгі» иегеріне беріледі.

Конкурста ұпай бірдей болғанда грант кімге беріледі?

Талапкер
Талапкерлер. Фото: Айгүл Қожантаева/Baribar.kz

Балл көрсеткіштері бірдей болған жағдайда білім беру гранттары аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа балы жоғары адамдарға беріледі. Егер ол бірдей болған жағдайда бейіндік пәндер немесе шығармашылық емтихандар бойынша алған балдары ескеріледі.

Шығармашылық мамандыққа тапсырғандар бір ғана мамандықты таңдай ала ма? Шығармашылық емтихандар қалай өтеді?

Талапкер
Талапкер. Фото: Айгүл Қожантаева/Baribar.kz

Шығармашылық мамандықтарды таңдаған талапкерлер конкурсқа бір мамандық бойынша қатысады және шығармашылық емтихан тапсырған ЖОО-ны ғана көрсетеді. Шығармашылық мамандықтарға құжат қабылдау – 20 маусым – 7 шілде, ал шығармашылық емтихандар – 8 шілде – 13 шілде аралығында болады. Шығармашылық мамандықтарға тапсыратын талапкерлердің тек оқу сауаттылығы мен қазақстан тарихы пәндерінен жинаған балдары есепке алынады. Ал мемлекеттік грант конкурсына екі шығармашылық емтиханның нәтижелері қосылған балл санымен қатысады. Екі шығармашылық емтихан талапкер таңдаған мамандыққа байланысты әр түрлі форматта өтеді. Әрбір шығармашылық емтиханда максималды балл — 40. Шығармашылық емтихан бойынша 10 балдан төмен алған немесе емтиханға келмеген адамдар осы мамандыққа түсу үшін өтініш бере алмайды.

Педагогикалық мамандықтарға тапсыратын талапкерлер арнайы тесттен өтуі керек пе? Ол қандай тест және қай жерде тапсыруға болады?

2016 жылдан бастап педагогикалық мамандықтарға түсуші талапкерлер арнайы емтихан тапсырады. Арнайы емтиханды кез келген педагогикалық ЖОО-ның қабылдау комиссиясында тапсыруға болады. Мұндай емтиханды қайда тапсырғаны маңызды емес.

Талапкер
Талапкер. Фото: Айгүл Қожантаева/Baribar.kz

Арнайы емтиханға қатысу үшін өтініштер 20 маусым мен 14 тамыз аралығында қабылданады. Арнайы емтихан психологиялық тест, педигогикалық жағдаяттарды шешу негізінде алынады. Емтиханның нәтижесі «жіберілді» немесе «жіберілмеді» белгісі бойынша бағаланады. Педагогикалық мамандықтарды таңдаған және арнайы емтиханнан «өткен» талапкерлер конкурсқа бейіндік пәндерге сәйкес төрт ЖОО және төрт мамандық бойынша қатысуға құқылы.

Грант нәтижесі қашан, қайда жарияланады? Грант иегері атанған соң не істеу керек?

Мемлекеттік білім беру гранты конкурсының нәтижесі 5-15 тамыз аралығында тиісті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Грант иегері атанған соң өзіңіз грантқа түскен факультетке барып, мемлекеттік грант берілгені туралы сертификатты алуыңыз керек.