Нұрсұлтан Назарбаев Каспий теңізінің мәртебесі туралы конвенцияға қол қойды

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялады.

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заңына қол қойды, — деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Сонымен бірге Президент «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы күресті жүзеге асыратын құзыретті органдарды материалдық-техникалық қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» және «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңдарға қол қойды.

Еске салайық, 2018 жылдың 12 тамызында Ақтауда Бесінші Каспий саммиті өткен еді. Әзірбайжан, Иран, Ресей, Түрікменстан және Қазақстан басшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға және басқа да құжаттарға қол қойды.

Конвенция «Каспий теңізінің конституциясы» саналады. Мұнда теңіз жағасындағы мемлекеттердің құқықтары мен міндеттеріне, сонымен бірге өңірдің қауіпсіздігіне, тұрақтылығы мен өркендеуіне кепіл болуға қатысты барлық кешенді мәселелерді реттеу қарастырылған, — деді сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев.