"Instagram миллиондаған адамда жаңа әдеттер қалыптастырды. Әдемі тағам көргенде көпшіліктің аузында сілекей ғана емес, миында "суретке түсіру" деген ой бөлінетін болды. Ол адамдарға алдымен ләззат алуды емес, соны көрсетуге ұмтылуды үйреткендей. Адамдарға мұншалықты қатты әсер еткен басқа әлеуметтік желі әзірше жоқ", - дейді Insta_kampit жобасының авторлары. Осы желіде қазақ тілінде блог жүргізіп, 17 мың оқырманның "инстасауатын" арттырып жүрген Құралай Раисова мен Эльвира Ерғалинаның 5 кеңесін ұсынамыз.
Ақпарат. Парақшаңызға кірген адам ең бірінші мына сұрақтарға жауап алуы керек:
— Кімсіз?
— Қай жағынан пайдалы боласыз?
— Неге дәл сізді оқу керек? «Екі баланың анасы, сүйікті жар, әкесінің еркесі», деп жазылған парақша оқырманды бірден жалықтырады. Неге оқырман сізді біреудің әйелі болғаныңыз үшін ғана оқуы керек? Неге екі баланың анасы болғаныңыз үшін оқуы керек?
Аудитория. Жазбада Instagram-дағы барлық қолданушыны қамтуға тырысу — бос әуре. Бір жазбада ерлер үшін шиномонтаж туралы, бірінде әйелдер үшін бет күтімі туралы, енді бірде балаларға арнап Монстр Хай туралы жазсаңыз, парақшаңыз қойыртпақ болады. Бағытты анықтап, соны түсінетін оқырманды жинау керек. «Мені түсіне ме, жоқ па бәрібір, оқырман саны көп болса болды», десеңіз, қателесесіз. Оқырман санынан гөрі шағын аудиторияның бір түсінікте, бірдей толқында болғаны маңызды. Әртүрлі тақырыптың басын шалған сайын жағымсыз пікір де көп болатынын ұмытпаңыз.
Тұрақтылық. Көңіліңіз қалаған уақытта жазып, қаламаған кезде жазбау Instagram-ға жарамайды. Күн сайын салынатын жазба уақыты тұрақты болса, оқырман күтіп оқиды, белсенді болады. Әрине, ол желі алгоритміне де жақсы әсер етеді.
Репутация. Өзіңіз бен контентіңіз қарама-қайшы болса, репутацияңыз нашарлайды. Мысалы, Дубайдағы демалысыңызда купальникпен фото салып жүріп, елге жеткенде мешітте орамалға оранған фото жүктей бастасаңыз, өзіңіз екі кітапты тауыспай жатып, 20 кітаптың тізімін ұсынсаңыз, оқырман алдында абыройыңыз түседі.
Парақшаның сырт-келбеті. Сіз қалай жуынып, таранып, сыланып, жұрт алдына мұнтаздай боп шығасыз, контентіңіз де тап сондай болуы керек. Екі парақшаны салыстырып, көрейік. Бірінде — топ адам, әртүрлі жарықта түскен, сәтсіз ракурстағы фотоға толы. Екіншісі — түстері үйлесімді, талғаммен таңдалған, жарығы жақсы, әдемі фотомен безендірілген. Қайсысына тоқталасыз? Қайсысын үнемі оқығыңыз келеді?
Әр жазбаңызды ақшаға айналдырғыңыз келе ме, онда оған тіпті асқан жауапкершілікпен қарау маңызды. Тауар не қызметіңізден бұрын алдымен жазбаңызды сатуды үйреніңіз.