Қазақстандықтардың зейнетақы активтерін қандай шетелдік компаниялар басқарады?

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев БЖЗҚ активтерін басқару мәселесі жөнінде түсінік берді.

Данияр Ақышевтің айтуынша, Ұлттық банк зейнетақы жинақтарын жеке немесе шетелдік компаниялардың басқаруына беру жүйесін жасап шығарумен айналысып жатыр. Ішкі нарықтағы компаниялардың басқаруына беру қолданыстағы заңнамаға байланысты әзірше мүмкін болмай тұр.

Үкіметпен осы мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз және бұл ұсыныстардың бәрін талқылап, азаматтарымыздың және олардың жинақтарының мүддесі үшін бірыңғай ұстаным жасап шығарамыз деп үміттенеміз. Дискуссия жалғасып жатыр, — деді Данияр Ақышев.

Ұлттық банк төрағасы зейнетақы активтерін басқару сеніп тапсырылатын компанияларды таңдау процестері туралы айтты.

Біз Ұлттық қор активтеріне сыртқы басқарушыларды қалай таңдасақ, бұған да сондай іріктеу жасаймыз. Бұл — өте қатал шарт. Оның үстіне, бізде ондай компаниялармен келіссөз жүргізудің үлкен тәжірибесі қалыптасқан. Біз мұндай басқарудың құнын мейлінше төмендете аламыз және ол зейнетақы активтерінің табыстылығынан көрініп тұрады. Масштабтың эффекті азаматтарымыздың мүддесіне қызмет етпек, — деді Ұлттық банк басшысы.

Данияр Ақышев зейнетақы активтерін басқаруға миллиардтаған долларға бас-көз болып отырған әлемнің жетекші ойыншылары таңдалады. Олардың мол тәжірибесіне, тарихына, беделі мен өте әділ басқару схемасына сенім артылады.

Біздің азаматтар өз қаражаты, валюталық жинағы ең төменгі баға бойынша ең жоғарғы репутацияға ие компанияларға ғана инвестицияланатынына күмән келтірмеуі керек деп ойлаймын, — деді Данияр Ақышев.

ДереккөзZakon.kz