Биянху көшесі

Мұхаммед Аюб Биянху – Қытайдағы Цин билеушілерінің қысымына қарсы жүрген мұсылмандар көтерілісі қолбасшыларының бірі. 1868 жылы хуэйцзу (дүнген) көтерілісшілерінің көшін басқарғаны үшін халық оны «жолбарыс» атап кетті.

Биянху шамамен 1830 жылы 25 мамырда дүниеге келген. Биянху Шэньси провинциясының шаруа отбасынан шыққан, әкесі ауылдық округтің басшысы болды.

Хуэйцзу көтерілісшілері Шейхси провинциясында талқандалғаннан кейін Биянху Шыңжаң, Гансу жерлерінен қашып шығып, ұйғырлармен Манчу әскерлеріне қарсы тұрды. 1877 жылы Цин әскері көтеріліс бастады, Биянху мен қалған 5 мыңнан астам жауынгерлік топ Ресей империясына қашып кетті. Онда хуэйцзу халқы дүнгендер деп аталды.

Биянху 1882 жылы Бішкекте өкпе ауруынан қайтыс болды. Дүнген қолбасшысының ұрпақтары қазір Қызғызстандағы Ананьево ауылдық округінде тұрады.

Биянху атындағы көше Алматының Алатау ауданында, Рысқұлов көшесінен төменгі секторда орналасқан. Ұзындығы — 2 393 метр.

Шолом-Алейхем көшесі

Шолом Алейхем
Шолом-Алейхем. Фото: Kinopoisk.ru

Шолом-Алейхем (шын есімі Шолом Нохумович Рабинович) — драматург, идиш тіліндегі көркем әдебиетті қалыптастырушылардың бірі, балалар жазушысы. Орыс және иврит тілдерінде де жазған.

Жазушы 1859 жылы 2 наурызда дүниеге келген. 15 жасқа толғанда Даниель Дефоның «Робинзон Крузосымен» шабыттанып, шығарманы өз нұсқасымен жазып шығады. Осыдан соң ол жазушы болуды мақсат етіп, «Шолом-Алейхем» лақап атын алды. Ол яһудилердің өмірі мен дәстүрін, осы халықтың даналығы мен әзіл-оспағын сипаттайтын шығармалар жазды. Алғашында Шолом-Алайхем біраз жыл бойы өз стилінде жазуын тоқтатпай, шығармаларын басылымдарға жіберіп жүрді. Бірақ ешқандай басылым оның шығармаларын жарияламады. Тек 1880 жылы «Арманшылдар» шығармасын Санкт-Петербургтегі «Еврей шолуы» журналы жариялады. Жазушының әдебиеттегі дара жолы осы кезде басталды. Оның «Екі тас» повесі, «Якнехоз немесе Үлкен биржа ойыны» сатиралық романы, «Адасқан жұлдыздар», «Қанды әзіл», «Бала Мотл» шығармаларын оқырман жақсы бағалаған.

Жазушы өмірінің соңғы жылдарын Нью-Йоркте өткізді. Шолом-Алейхем 1916 жылы 13 мамырда туберкулез ауруынан қайтыс болды.

Жазушы Шолом-Алейхемнің атына берілген көше Бостандық ауданында, Тимирязевтен жоғарыда Шашкин мен Марков көшелеріне параллель жатыр, әл-Фараби даңғылында аяқталады.

Коккинаки көшесі

Владимир Коккинаки
Владимир Коккинаки. Фото: Wikipedia.org

Владимир Коккинаки — сынаушы ұшқыш, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры. Ол 1904 жылы 25 маусымда Новороссийск қаласында дүниеге келген. Понт грек отбасынан шыққан. 1936 жылы 20 сәуірде әлемде алғаш рет қосқозғалтқышты, ауыр ЦКБ-30 бомбалаушысымен «өлі тұзақ» циклын орындады.

1938 жылы 27-28 маусымда ұшқыш Владимир Коккинаки мен штурман Александр Бряндинский басқарған ұшақ Мәскеу — Қиыр Шығыс бағытында әуеде бір тәуліктен аса ұшқан (24 сағат 36 минут). Осылайша олар 7580 шақырым ұшып, рекорд жаңартады. Сонымен бірге Мәскеуден Тынық мұхитының жағалауына жаңа қысқа жол ашады. Осы ерліктері үшін Владимир Коккинаки мен Александр Бряндинскийге Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.

Сонымен бірге Владимир Коккинакиге әлемдік 22 рекорд тиесілі. Ұлы Отан соғысы жылдары ол ұшақтың жаңа түрлерін сынақтан өткізді. 1968 жылдан бастап Халықаралық авиация федерациясының президенті  болды. Даңқты ұшқыш 1985 жылы Мәскеуде қайтыс болды.

Коккинаки көшесі Медеу ауданында, Сәтбаев пен Луганский көшелерінің қиылысынан ары қарай Бегалин көшесіне дейін. Ұзындығы — 457 метр.

Рудзутак көшесі

Ян Рудзутак
Ян Рудзутак. Фото: Wikipedia.org

Ян Рудзутак — революционер, мемлекет қайраткері, партия және кәсіподақ белсендісі. 1887 жылы 3 тамызда (латыш отбасында) дүниеге келген.

Қазан социалистік революциясынан кейін Рудзутак Владимир Лениннің көмекшілерінің бірі болды. Ол 1921 жылы Лениннің ұсынысы бойынша троцкийшілдермен күрес үшін кәсіподақтар тезисін дайындады. Рудзутак оппозициялық және антипартиялық топтармен күресіп, бас партияның жүйесін белсенді қорғап жүрді. КСРО Халық Комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары болып жұмыс істегенге дейін бірнеше рет партияның Орталық Комитетінің мүшесі болып сайланды.

1937 жылы 25 мамырда КСРО Ішкі істер халық комиссариаты Рудзутакты «Латвиядағы Кеңес өкіметіне қарсы ұлтшыл ұйымды басқарып, шетелдік барлау қызметтеріне шпион болды» деп айыптады.  Әскери коллегия  отырысында Рудзутак кінәсін мойындамады. Ол 1938 жылы ату жазасына кесілді.

1955 жылы Рудзутакқа жалған материалдар негізінде жала жабылғаны анықталып, есімі ақталды.

1962 жылы Медеу ауданындағы қазіргі Шығыс айналма жолының ар жағындағы, Кеңсайдың етегіндегі жеке секторда шағын көшелердің біріне Ян Рудзутак есімі берілді. Көшенің ұзындығы — 786 метр.

Цулукидзе көшесі

Александр Цулукидзе
Александр Цулукидзе. Фото: Biography.wikireading

Александр Цулукидзе — революционер, әдебиеттанушы. 1876 жылы 13 қарашада Грузияның Хони қаласында дворян отбасында дүниеге келген. 1896 жылдан бастап Кутаиси әлеуметтік-демократиялық тобына кіріп, Тбилиси мен Бакуде революционерлік жұмыс жүргізген.  Ол Мәскеуде оқып жүрген кезінде Грузиядағы достарына «Мәскеудегі рухани азық сарқылмайды» деп жазған. Бұл хатында ол Маркс пен Энгельс шығармаларын терең зерттеп жүргенін айтады. Әріптестерімен бірге «Пролетариат күресі» газетін шығарып, меньшевиктерді, марксистер мен националистерді сынайды. 1905 жылы Бірінші орыс төңкерісіне қатысып, абақтыға қамалған. Кейін түрмеде өкпе ауруынан қайтыс болды.

Алматыда Медеу ауданының Шығыс айналма жолы мен Алматы хайуанаттар бағына жақын көшелерінің біріне Александр Цулукидзе есімі берілген.

*Есімі Алматыдағы көшелерге берілген бұл қайраткерлердің өмірі туралы мағлұмат интернеттегі ашық дереккөздерден алынды.