Ұрылардың жиі қолданатын сызбасы

Ұрылардың әрекет етуіне, әсіресе, қоғамдық көлік ыңғайлы. Соның ішінде көп бағытта жүретін көліктер. Полицейлердің айтуынша, автобус салонының ортасында, үлкен есіктің маңында ұрлық көбірек болады. Бұл – ұрының бірден жалтаруына қолайлы орын. Маман сол себепті автобусқа мінер және түсер уақытта қатты абай болуға кеңес береді.

Ұрылар көбіне топ болып жұмыс істейді. Бір топта кемінде үш адам, көп дегенде жеті адамға дейін болады. Олардың арасында тек біреуі қалта тонайды. Қалғандары назар аудартушы ролін атқарады. Автобуста олар бір-біріне жақын тұрады. Ұры олжасын алғаннан кейін оны қолында қалдырмайды, келесіге береді, ол одан кейінгіге, ол басқасына. Соңында есікке жақын тұрғаны затты алып, бірден түсіп кетеді. Тоналған адам не болғанын түсінгенде байбалам салып, жанындағыларын айыптап, оларды тексеруге де әрекет етуі мүмкін. Бірақ топтық жұмыс оған дейін жоспарын орындап үлгереді.

Үлкен топтар жолаушыларды тонауға кіріскенде автобус соңынан жеңіл көлік жүріп отырады. Ұры автобустан түскеннен кейін соған мініп, ізін тез суытады.

Құлаққап

Әдетте, құлаққап киген адамдар ұрының қақпанына оңай түседі. Өйткені оларды итеріп немесе көрініс қойып назарын аударудың қажеті жоқ, оның ойы онсыз да басқа жақта. Мұндай кезде телефон ұрлаған, тіпті, ыңғайлы.

қоғамдық көлік, музыка тыңдау
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Ұры телефоннан құлаққапты байқатпай суыра қояды, музыка тыңдап тұрған адам дыбыстың өшкенін алдымен құлаққаптағы проблема деп ойлайды, соны шұқылап кетеді. Тоналған адам не болғанын түсінгенде ұры ізін суытып үлгереді.

Мұндай жағдай көбіне қоғамдық көліктің билетін алатын кезде, сауда жасап тұрғанда немесе басқа да нәрселермен айналысып жатқан кезде болуы мүмкін.

Қолына киім ұстаған адам

Тоналған адамдар, әдетте, жағдайдың қалай болғанын түсінбейді. Айналадағылар да оны жиі байқай бермейді. Ұрылардың бір құпиясы – қалтаны, сөмкені қалай ақтарып жатқанын көрсетпеу үшін қолына киім немесе тағы басқа зат ұстап тұрады. Білегіне ілінген киім ұрлығын әшкере етпеуге жақсы көмектеседі.

қоғамдық көлік
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Ұры көп адам ойлағандай емес, сырт келбеті келіскен, қарапайым, күдік туғызбайтын кейіпте болады. Жымиып, жылы жүз байқатқан адамдарға да көзсіз сену қауіпті.

Көмек

Көшеде жол-жөнекей бір адам сізді тоқтатып, картасын көрсетіп, адасып жүргенін, жол көрсетіп жіберуін өтінеді. Сіз оның картадан нұсқаған нүктесіне үңіліп тұрғаныңызда ол немесе оның сыбайласы қалтаңызды ақтарып үлгеруі мүмкін.

банк картасы, ұрлық
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Кешірім

Ұрының бірі әдейі байқамаған болып сізді итереді. Кешірім сұрап, назарыңызды аударады. Дәл осы сәтте екінші адам қалтаңызды қағып үлгереді. Бұл да – ұрылардың жиі қолданатын тәсілі.

ұры, қылмыскер
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Егер бейтаныс кісі байқамай итеріп, кешірім сұраса, бірден заттарыңызды түгендеңіз.

Тегін қызмет

Әуежайда, вокзалда, қонақүйге түскеніңізде қарапайым адам немесе “қызметкер” жүк көтерісуге ұсыныс білдірсе, сақ болғаныңыз жөн. Ақылы немесе тегін көмек тонау болып шығуы мүмкін.

жүк
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Мұндай жағдайларға жасы келген адамдар оңай ұрынып жатады. Қарттың сөмкесін көтерісуді ұры мүмкіндік деп санап, көмегін ұсынады. Егер көпқабатты үйде тұрса, жоғарғы қабатқа жылдам мініп, қарт көтерілгенше сөмкені тіміскілеп үлгереді.

Супермаркет

Супермаркетте арбаға сөмкені, әмиянды қоя салу – аңғалдық. Қанша жерден сақ болсаңыз да, көңіліңізді аударатын көрініс қойылып жатуы мүмкін. Ұрылардың топ болып әрекет ететінін тағы айтамыз. Тауарға қолы жетпей тұрған бала да, тауар сипаттамасына көзі жетпей тұрған қарт та олардың сыбайласы болмасына кепіл жоқ.

азық-түлік, сауда
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Оларға қамқорлық танытып, көмек беріп жатқаныңызда әлдекімнің әмияныңызды алып кеткенін байқамай қаласыз.

Ұрылардан қалай сақтану керек?

Ұрыны сырт келбетіне қарап тану мүмкін емес. Олар күдік туғызбайтындай қарапайым киінеді. Дегенмен оның көзінен көп нәрсені түсінуге болады екен. Қоғамдық көлікке мінген қарапайым жолаушы көбіне бір нүктеге ғана қарап, ой үстінде тұрады. Ал ұры автобусқа “жұмыс істеу үшін” мінеді. Сол себепті оның көзі бір орында тұрмайды, жан-жағына қарай береді, құрбанын немесе серіктесін іздейді. Олар бір-бірімен ым-ишарамен сөйлеседі. Мысалы, “затты алдым” дегені бет сипау яки жөткіріну болуы мүмкін. Әркімнің тәсілі әрқалай.

Ұрылар адам көп жерде әрекет етеді. Тым ашық жерде тәуекелге бармайды. Сол себепті әмиян, телефоныңызды ішкі қалтаңызда немесе қолыңызда ұстағаныңыз жөн. Адам көп шоғырланған ортада ойға берілмей, сергек болғаныңыз дұрыс. Ұрылар кейде құрбанын аялдамада тұрғаннан-ақ көздейді. Сол себепті құнды заттарыңызды көпшілік ортасында жарқыратпағаныңыз да артық болмайды.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, көбіне әйел адамдар, жас қыздар жиі тоналады. Қазіргі ұрылар бұрынғыдай ұстара, кеңсе пышағы тәрізді өткір заттарды қолданбайды. Оны кезінде сөмкені кесіп, ішіндегісін алу үшін пайдаланған. Қазір смартфондар жиі қолды болады. Олар көбіне қалтада, оңай жерде тұрады. Сол себепті ұрыға арнайы құрал қажет емес.

Статистика

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, 2018 жылдың тоғыз айында қазақстандықтардан ұрланған смартфондардың жалпы құны 2,8 миллиард теңге болды.

Халықтың жан басына шаққандағы коэффициентін есептесек, 100 000 адамға шаққандағы ұрлық саны бойынша Алматы, Астана, Шымкент пен Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары көш бастайды.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!