Астана полициясы телефон ұрлығына күдікті үш адамның суретін жария етті

Астана полициясы «Стоп-қылмыс» шұғыл алдын алу шарасы барысында «Астаналық» сауда үйі аумағындағы ұрланған заттар сатылуы мүмкін орындар мен олардағы бұрын қолданылған ұялы телефондарды тексерді. Астана әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, рейд нәтижесінде сатушылардан ешқандай құжаты жоқ 900-ге жуық гаджетті тәркіленді.

Департамент пен оның аумақтық бөлімшелері полицейлерінен 70 мобильдік топ құрылды. 144 бутик, соның ішінде 75 жөндеу шеберханасы тексерілді. «Стоп-қылмыс» шұғыл алдын алу шарасының нәтижесінде растайтын құжаты жоқ 900-ге жуық гаджет пен олардың қосалқы бөлшектері табылып, тәркіленді, — делінген Астана әкімдігінің ресми сайтында жарияланған полиция департаментінің хабарламасында.

Полицейлер ұялы телефон ұрлады деген күдікпен үш адамды да ұстады.

Олардың арасында Huawei маркалы ұялы телефон ұрлаған 31 жастағы жергілікті тұрғын бар. Шара барысында ұялы телефон ұрлады деген күдікпен тағы екі адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, — делінген хабарламада.

Астана әкімінің ресми сайты күдіктілердің фотосуретін жария етті. Жергілікті полиция осы азаматтардың әрекетінен зардап шеккендерден хабарласуды сұрайды. Полиция департаментінің мекенжайы: Бейбітшілік көшесі, 19, байланыс телефондары: 8 (7172) 71-61-71, 71-62-47 немесе «102».

телефон ұрлағандар
Фото: Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі