Бірнеше рет ұрлық жасағандар 7 жылға дейін сотталуы мүмкін

Заңға енгізілген түзету 2019 жылыдың 2 ақпанынан бастап күшіне енеді.

Ұрлық, автокөлік
Фото: Pavlodarnews.kz

Әділет министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, заң аясында Қылмыстық кодекске ұрлықты қайталағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейтін түзетулер енгізілді.

Түзетулерге сәйкес, бірнеше рет жасалған ұрлық “ауырлығы орташа” қылмыс санатынан “ауыр қылмыс” санатына ауыстырылды. Бұл айыпталушыны тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкіндігінен айырады екен.

Бұған дейін бірнеше рет жасалған ұрлық үшін айыппұл немесе бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе мүлкін тәркілей отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жауапкершілік қарастырылған еді. Енді бірнеше рет жасалған ұрлық үшін екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе мүлкін тәркілей отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілік қарастырылады, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.