Астанада бір тәулік ішінде үсік шалған 14 адам дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Аяздан қол-аяғын үсіріп алғандардың арасында төрт бала бар.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасаған Астана әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2017 жылы туған бір бала №2 қалалық балалар ауруханасына жатқызылды. Баланың жағдайы «ауырлығы орташа» деп бағаланып отыр. Қатты үсе қоймаған азаматтар тұрғылықты мекенжайы бойынша амбулаторлық ем қабылдайды.
Дәрігерлер мен мамандардың жедел әрекеті мен ұйымдасқан жұмысының арқасында көмекке жүгінген азаматтардың барлығына медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп, үсік шалудың ауыр салдары мен асқынуына жол берілген жоқ, — деп хабарлайды қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары.
Дәрігерлердің мәліметінше, Астанада аязда үсіп қалып, қайтыс болғандар жоқ.