Түркістан облысында 3 мың пәтер пайдалануға берілді

Өткен жылы Түркістан облысында қаржыландырудың барлық көзі арқылы 387,8 мың шаршы метр тұрғын үй (3003 пәтер) пайдалануға берілді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігі хабарлайды.

Бұл көрсеткіш 2017 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 21,7 %-ға ұлғайып отыр. Мемлекеттік бюджет есебінен 171,8 мың шаршы метр арендалық тұрғын үйлердің (2509 пәтер, 74 тұрғын үй) құрылысы жүргізілді. Жыл қорытындысы бойынша 30,6 мың шаршы метр (500 пәтер, 35 тұрғын үй) пайдалануға берілген.

Сонымен қатар осы жылы мемлекеттік қаржыландырудың барлық көзі арқылы 186 көпқабатты тұрғын үйдің (466,2 мың шаршы метр, 6721 пәтер) құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде биыл 82 көпқабатты тұрғын үй (211,6 мың шаршы метр 3133 пәтер) пайдалануға тапсырылады деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар өткен жылы облыс орталығы Түркістанда ӘКК Түркістан АҚ-ы және жеке салушылар арқылы алты көпқабатты несиелік тұрғын үйдің (336 пәтер,  26,1 мың шаршы метр) құрылысы басталды. 2019 жылдың үшінші тоқсанында осы үйлер пайдалануға тапсырылып, барлық пәтер «7-20-25» бағдарламасы арқылы халыққа ұсынылады.

Түркістандағы Отырар ықшамауданында  жалпы аумағы 38 гектар болатын «Түркістан-жаңа қала» тұрғын үй кешендерінде несиелік 88 (2724 пәтер, 196,3 мың шаршы метр) көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды.