Қозыжауырын – нағыз жауынгерге тән қарудың түрі. Өйткені оның салатын жарақаты ауыр болады. Ал сауытты бұзуға арналған үш не төрт қыры бар жебе “сауытбұзар” немесе “көбебұзар” деп аталған. Қозыжауырынның қашан, қалай пайда болғаны туралы дерек жоқ. Бірақ көптеген қазба жұмысы кезінде оқтың біраз түрі табылды. Оны әр өңірдің халқы әртүрлі жасаған.

Қозыжауырынның төрт түрі белгілі, осыған қарап, кезінде оның көп қолданылғанын байқауға болады:

Біріншісінің ұшы тегіс, пышақтың жүзі сияқты өткір болады;

Екінші жебенің түрі біріншіге ұқсағанымен ұшы екі ашаға бөлініп, айыр етіп соғылады;

Үшінші жебенің ұшы сүйір, бірнеше өткір қыры болады. Оны санына қарай төрт не бес қырлы қозыжауырын деп атаған;

Төртіншісі алдыңғы үшеуіне мүлдем ұқсамайды. Оны тек ұрыс кезінде жауынгерлерге белгі беру мақсатында пайдаланған. Бұл қозыжауырынның ешқандай ұшы, жүзі де болмаған. Оның ішін қуыс әрі жұмыр етіп соғады да, екі не үш жерінен ойық ояды. Мұндай жебені аспанға атқанда неше түрлі дыбыс шығарған. Жауынгерлер бұл дыбысты естіп, келесі әскери дайындыққа көшкен. 

Қазақтың жыр-дастандарында да қозыжауырын жебе туралы көп айтылады. Мысалы, Махамбетте: 

Беліне садақ асынбай,

Біртіндеп жауды қашырмай,

Білтеліге оқ салмай,

Қорамсаққа қол салмай,

Қозыжауырын оқ алмай,

Атқан оғы жоғалмай, – деген жолдар бар. 

Ал “Қобыланды батыр” дастанында: 

Кәміл пірлер жебеді,

Қолына алып толғанып,

Қозыжауырын жебені

Ат үстінен шіреніп

Сонда тұрып тартады, – деген шумақ кездеседі.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!