Нормадан тыс жылылық тағы бірнеше күнге созылады

«Қазгидромет» РМК мамандары 17-19 қаңтар күндері ауа райы қандай болатынын хабарлады.

Синоптиктердің мәліметінше, Иран аумағынан Қазақстанға жылы ауа массаларының енуіне байланысты барлық аймақта ауа температурасы климаттық нормадан 5-15 градусқа жоғары болады.

Алдағы үш тәулікте оңтүстік циклонмен бірге республиканың солтүстік жартысында қар жауып, бұрқасын соғатынына, оңтүстік жартысында жаңбыр, жылбысқы қар жауып, көктайғақ болатынына, тұман түсетініне қарамастан, ауа температурасы бұрынғыдай нормадан жоғары болады, — делінген хабарламада.