Басты бетЖаңалықтарБолашақ мемлекеттік...

Болашақ мемлекеттік қызметшілердің қабілет-дағдысына баса назар аударылады

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы бойынша департаменті мемлекеттік орган  қызметшілеріне арналған семинар-кеңес өткізді. Онда мемлекеттік қызмет саласындағы қолданыстағы заңнамаларға енген өзгерістер қаралды.

Департамент мамандарының хабарлауынша, осы жылдың басынан бастап мемлекеттік қызметке кіру кезінде үміткерлер бірыңғай құзыреттілік негізінде тест тапсырады. Тест тапсыру барысында жауаптарының шекті мəні 50%-дан аспаған үміткер сынақты 1 айдан кейін қайтадан тапсыруы мүмкін. Басты талап — лауазымды қызметін дұрыс атқаруы үшін мемлекеттік қызметшінің білімді болуы аз, ол сонымен бірге қызметкерлердің тиімді жұмыс жүргізуін қадағалауға қажетті дағды-қабілеттерге де ие болуы керек.

Үміткерлерді бірыңғай құзыреттілік негізі арқылы бағалау Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы заманауи және тиімді мемлекеттік аппарат туралы тапсырма бойынша қолға алынған.

Құзыретті бағалау негізі қызметкерлердің әлеуетін анықтау мен оның дамытылуы қажет қырларын айқындауға бағытталған, — дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы бойынша департаментінің  басшысы Данияр Таумұрат.

Семинарға қатысушыларға «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының бір бөлігі ретінде осы жылдың 1 ақпанынан бастап сыбайлас жемқорлықтың пайда болуын барынша азайтуға және оны болдырмауға мүмкіндік беретін электрондық сертификаттау процесі таныстырылды.