Алматыда мемлекеттік қызметшілердің артық жұмыс істемеуі қадағаланып отыр

Алматыда мемлекеттік орган қызметкерлерінің жұмыс уақытынан тыс еңбек ету фактілері анықталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы бойынша департаментінің басшысы Данияр Таумұрат айтты.

Департамент басшысының айтуынша, мемлекеттік қызметкерлердің мүддесін қорғау және қызмет орнын ауыстыруды азайту мақсатында қаланың мемлекеттік органдары қызметкерлерінің жұмыс істеу уақыты тексерілді. Тексеру нәтижесінде мамандар қызметкерлердің жұмыс уақытынан тыс еңбек ету фактілерін анықтады.

Мемлекеттік қызметшілер шұғыл және көлемді тапсырмаларды орындауға мәжбүр болған, жұмыс көлемі қызметшілерге әркелкі жүктелген және басқа да сондай жайттар тіркелген.

Бірқатар мемлекеттік органда қабылданған шаралар нәтижесінде кеңсесінде жұмыс уақытынан артық отырған қызметкерлердің компьютері автоматты түрде сөндірілетін болды (статистика департаменті, еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті және басқалар), ал кіруді бақылау және басқару жүйесі (СКУД) күнделікті негізде мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытының режимін қадағалауға мүмкіндік берді.