Астананың мемлекеттік қызметшілері  латын әліпбиіне жаттықты

Астананың мемлекеттік қызметшілері  латын әліпбиі негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелерін үйренді. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сол мақсатта Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» орталығымен бірлесіп 5-11 желтоқсан аралығында семинар өткізді.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары туралы» өкімі шыққан болатын. Астанада бүгінгі таңда осының аясында қалалық іс-шаралардың жоспары бекітіліп, бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.

Елбасымыздың тапсырмасына орай қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жұмыстары басталып кетті. Ол туралы Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтқан болатын. 14 қарашада Астанада елу мың адам жаңа әліпбиде диктант жазды. Біз өзімізден бастап, өзгеге үлгі болуымыз керек. Бүгін осы мақсатта, аудан әкімдері мен басқарма басшыларын жинап отырмыз. Семинар бір апта бойы өтеді, — деді Астана әкімі аппаратының басшысы Берік Жакенов.

Аталған семинар барысында филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова латын негізді қазақ әліпбиінің дыбыстық қорының әлеуеті, емле-ережесі, орфографиялық ережелер мен нормалардың моделдері төңірегінде дәріс оқыды.

Айта кетейік, 2018 жылдың 19 ақпаныңда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы № 569 Жарлығына өзгеріс енгізу» туралы Жарлыққа қол қойды.