Бұдан былай жеке тұлғаның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы шоты жоқ болса, шот ашу үшін өтініш беру міндетті емес. Алғашқы жарна келіп түскен кезде қордың ақпараттық жүйесінен шот өзінен-өзі ашылады. Бұл туралы БЖЗҚ баспасөз қызметі хабарлады.
2019 жылдың 8 қаңтарынан бастап жеке тұлға БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу үшін жеке тұлғаға ЖЗШ ашу жөніндегі өтінішті рәсімдеу үшін БЖЗҚ-ға, оның ішінде қордың веб-сайты арқылы жүгінудің қажеті жоқ, — делінген БЖЗҚ таратқан хабарламада.
Мұндай жаңалық еліміздің зейнетақыға қатысты заңнамасына тиісті өзгеріс енгізілгеннен кейін мүмкін болып отыр.
Бұл ретте жеке тұлға міндетті зейнетақы жарнасын аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер (тегі, аты, әкесінің аты, жеке сәйкестендіру нөмірі, туған күні) бойынша сәйкестендіріледі. Ал жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелері бойынша қажетті мәліметтерді қор мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алады.
Бұған дейін жеке тұлға міндетті зейнетақы жарнасын есепке алу бойынша шот ашу үшін тиісті өтінішті рәсімдеуге міндетті болатын. Ескерте кететін жайт, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке шот ашу тәртібі бұрынғыша қалады.
Айта кетейік, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) бар болған жағдайда ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын БЖЗҚ сайтында онлайн тәртібінде де ашуға болады. Бұл салымшылар мен алушылар үшін өте ыңғайлы.