САҚ пен САҢ (商)

Бұл әңгімеге – әскери-патриоттық тәрбие бойынша ізденіс барысында жолықтық. Шынымен, біз өзімізді жаугер халықпыз десек, сол қасиетімізді – сақтар тұсынан бастап қарастырамыз. Алайда, ол тұста Томирис әжемізден басқа айтарымыз жоқ. Ал Т. Әбенайұлының публицистикасына – сақ дәуірі туралы айтып қана қоймай, оны жан-жақтағы елдермен қатынасын – солардың көзімен байыптап, жаңаша қырынан ашады.Кейінгі кезде ұмыт қалып бара жатқан еңбектері негізінде жаңғыртпа альманах жариялауды жөн көріп отырмыз. Себебі, қаншалықты сынға ұшырағанымен, қазақ жауынгерлігін – ежелден номадизмге дейін толыққанды сипаттап шығатын қандай да бір еңбек осы.

Сақ – әлемге әйгілі байырғы ұлыс. Ол, ежелден Түркілердің ата-бабасы делініп келеді. Оған талас жүрмейді. Арғыны айтпағанда бертінгі Египеттіктер Қыпшақтарды «Сақтар» – деп қараған. Былайша айтқанда, таяу заманға дейін дүниені дүр сілкінтіп келген осынау түркі ұлысын әлем халқы Сақтың ұрпағы, немесе, аты басқа болғанымен заты солармен бір деп білген. Тарих ғалымдары, ежелгі парсы жазбаларына (сына жазулы ескерткішке) қарап Cақтар үш салаға (Хаумаварға, Тиграхауда, Тьяй-парадарая) бөлінген деп есептейді. Сондай-ақ, тарихта болған Скиф (Skythai), Сармат (савромат), Массагет, Исседон, Дай (Адай), Бактр (Бақтияр) қатарлы ұлыстарды Сақтың бөлшегі, не солармен тамырлас деп қарайды. Алайда, олардың тарихтағы ықпалына, иелеген аумағына келгенде дереу апшылары қуырылып қаламдарының сиясы тартыла қалады. Сақтар жөніндегі қорытындыны «көшпенділер» деген үйреншікті тырнақшаның ішіне қарай тықсырады. Көп-көрім басталған сөз, сиыр құймышақтап барып баянсыз көшпенділік салдарынан отырықты – «мәдениетті» елдерге, не басқа тайпаларға сіңіп жоғалды дегенге саяды.

Ал, шынына келгенде қазіргі қытайды өз ішіне алған оңтүстік-шығыс Азиядан сонау Жерорта теңізі жағалауына, тіпті Атлант мұхит жиегіне дейінгі аралықты ерте заман тарихын Сақсыз көз алдыға елестету мүлде мүмкін емес. Осынау өлкелерден, олар қалдырып кеткен «аңдардың стиліндегі» мұралар жерді шұқып қалған археологтың қолына іліге кетеді десе артық емес. Олардың ішінде алтын мен асылтас, күміс пен қола, мүйіз бен сүйек, ағаш пен жібек бәрі де бар. Егер, заманында өскелең дәрежеде дамыған мәдениет болмаса, заттық бұйымның орасан зор мөлшердегі айналымы болмаса осынша көп археологиялық қазыналардың бүгінгі заман адамдарының қолына ілігуі мүмкін бе? Оларды біз үшін біреу әдейілеп көміп қоймаса керек. Оған қоса Евразияның ұланғайырлығын, арада жатқан уақыттың берісі отыз, арысы қырық мың жылдық ықылымға кететінін көз алдыңызға елестетіңізші.

Ендеше, біздің қолымызға түсіп отырған әлгі мұралар – сол тектес сан миллиондаған жәдігерлердің біреуі, немесе, олардың жұқанасы (фрагменті) ғана болмақ. Әрине, олардың барлығы бір күнде қалыптаса салған жоқ. Бірақ, әрқалдай болмашы үлгі мен стилдің қалыптасуы жәйден-жәй нәрсе емес. Оған атадан балаға жалғасқан жүйелі өнеге – мектеп керек. Тіпті, тұтас бір ұлттың жаңаша дүниетанымдық кезеңі қажет. Енді оның өндірістік, технологиялық барысы өз алдына бір төбе. Басқаны қойғанда, қол басындай ғана ағаш мүсінді қырнау үшін қаншама сайман керек. Әлгі сайман шебердің қолына жеткенше: кен тастарынан кентегілерді (металдарды) қорытудан бастап көптеген өндірістік құралдардан өтеді. Осылардың барлығын қарастырғанда, мұндай мәдениет мұраларын мыңдаған жылдардан кейінгі біздерге қалдыру мүмкіндігі, жаттанды болып кеткен «көшпенділер» түсінігінің аясына симайды. Қайта, ол нағыз Көшпенділердің құдіретті күшімен тұтас әлемнің бір тұлғаланған жүйелі билік астына шоғырлануы нәтижесінде қалыптасқан мәдениет болатын.

Бұл пікірдің арқауын оңтүстік азиядан батыс европаға дейін таралған көптеген тарихи елесімдер (этнонимдер) де ширата түседі. Айталық, европалықтардың елдік қайнары болған сакстер (Sachsen – Сақсын, 撒克逊) мен саксондар (萨克森). Шығыс оңтүстік Азия елдерінің құрамында кездесетін шак (үндістанда), сагайн (бирмада), сик (сиккимде), шакья (непалда), чакма (бангладеште) қатарлы ру-тайпалар. Соның бәрі сақ, не оның жіңішке түріндегі тұлғасы сәк, сек атауының әрбір тілдердің дыбыстық ыңғайына қарай бейімделуі. Өйткені, олардың барлығы заманында билеуші орында болған Сақтардың атын иелеп қалуды өздеріне бедел санаған. Бейне, венгрлердің (hun`gr, Magyar – 匈牙利) Күни (Ғұн – 匈奴) ұлысының атын иелеп қалғаны секілді. Олай болатынының тағы бір себебі: сол елдің, немесе сол рудың арасында нағыз Сақтар да болған. Олар, бастауында сол тайпалардың билеушісі болып, кейін өздерін жақтайтын орталық билік құлағанда әр қайсысы өзді-өзі тұрған еліне сіңіп кеткен болуы мүмкін. Осылай болатынын 1300 жылдай бұрын бағамдаған ұлы Білге қаған: жат елге тым ішкерлеп кіріп кетпей, елді «Өтеген иеуіште» (төл мекенде) отыруын өсиеттеп кеткен. Ал, будда дінінің негізін салушы – Сакьямонидың атының (шынтуайтында атағының) Сақи (саки) тайпасының сопысы деген мәннен келіп шыққанына назар салып көріңізші. Тек, «бізде ештеңе болған жоқ» деген пікірден ақылыңызды сергектеу ұстасаңыз болды. Осы бір ұлы тұлғаның біздің тегіміз болған Сақ тайпасынан шыққаны, буддалық тағылымдағы үшбу түсіндірменің өзінен-ақ мәлім болады.

Ұлы Сақ ұлысының саяр тұсы, сайран салған өлкесі бұл ғана емес. Ол, қытай тарихы мен мәдениетінің қақ төрінен ойып тұрып орын алып отыр. Қытайлар, өздерінің ең ертедегі тарихын Шійә (夏), Шаң (商), Жоу (周) деген үш әулеттен бастау алады деп қарайды. Солардың ішінде Шаң әулеті заманының тарихтан алар маңызы айырықша деп жазылады. Бұл дәуір ежелгі қытай мәдениетінің гүлдену кезеңі болып, онда қола өңдеу технологиясы сол заманның ең биік деңгейіне жеткен. Әлем ғалымдарының назарын тартқан «Жауырын жазуы» (сауыт-сүйек жазуы – 甲骨文) да осы дәуірдің жемісі саналады. Әсіресе, Шаң дәуірі өркендеуінің ең биік кезеңі болған Йін-Шаң мәдениеті тұсының қалдырған мұрасы өте бай келеді. Ол тұстан, жаңа айтқан жауырын жазуымен бірге «металл жазуы» (қола және басқа қортпа бұйымдарға түсірілген жазулар) да қалған. Сондай-ақ, бұл тұстың «хайуанат стиліндегі» бұйымдары ерекше назар тартады. Олардың өн-бойына салынған қазақы ою-өрнектер салған жерден-ақ адамның назарын өзіне бауырап әкетеді. Олар, бірлі-жарым жерден кездесіп немесе бірер жерден ұшырасып қалса бір сәрі ғой. Онда, ғайыптан тайып келіп қалған заттар деп назар салмауға болар еді. Бұрын, осындай стилде жасалған мүсіндер қытайдың әр жерінен табылып келген. Бәрінен де кереметі, Сы-чуан өлкесінің орталығы Чың-ду қаласының маңынан осындай мұраның тұтастай қоймасы байқалды. Чың-ду жазығы деп аталатын осы өңірден – сол секілді Сән-шің-дүй (三星堆), Жін-ша (金沙) қатарлы жерлерден арнаулы көмілген аса мол археологиялық мұралар шоғыры табылды. Бұл тура өзіміз енді ғана аттап отырған ХХІ ғасырдаң алғашқы жылында мәлім болған оқиға. Олардың айтуына қарағанда, мұндай мұраның алғаш байқалуы ХХ ғасырдың басында болыпты. Онда момын бір шаруа (Яан Дау-чың – 燕道诚) өзінің тоғанын аршып жатып әлде нендей сырлы нәрселерді ұшыратқан. Кейін, бұл жәйіт америкалық бір мұражай маманының құлағына шалыныпты. Ол, сол жердегі ұлықтарға осы мұраларды қорғау жөнінде кеңес берген екен. Алайда, адамдардың қызықпауы, заманның аумалы-төкпелілігі салдарынан бәрі де жайында қалған.

Ал бертін әлгі жұртта қоладан, піл тісінен, тіпті алтынан жасалған неше алуан бұйымдар шыққан. Олардың арасынан адамның, пілдің, доңыздың, құстың және бақаның құйып, ойып, соғып, қақтап, шекіп жасалған мүсіндері мен кескіндерінің не қилысын кездестіруге болады. Солардың арасындағы ең селт еткізер дүниенің бірі өмір бәйтерегі – «Мықан ағашы». Оның тамыры (тұғыры), бұтақтары, оған қонақтаған құс бәрі де «Алтын Адамның» қалпағындағы алтыннан қақтап жасалған пішіндерден еш аумайды. Осы айтып отырған мүсіндер мен пішіндерді өзара тұтастырып тұрған арқау – қазақи ою. Әлгі нәрселердің өн бойы батырып салынған оюға толы. Сонымен бірге, олардың дене мүшелері де, тіпті адамның киім-кешегіне дейін оюға бейімдеп келтірілген (бұған «Ата жазу алыстан сыр қозғайды» деген еңбегімізде де тоқталған едік).

«Жауырын жазуы» Хы-нән (河南) өлкесінің Ән-яң (安阳) ауданының Шәу-тұн (小屯) деген қыстағының жанынан 1899-жылы байқалған. Ол жердің ғылымдағы аты «Ән-яң Йін жұрты» (安阳殷墟). Осы жазуды ғалымдар Шаң әулетінің соңғы кезіндегі Йін дәуірінде (б.з.б ХІІІ ғ – ХІ ғ) қалыптасқан деп қарайды. Яғни, шамамен осыдан 3000 жыл бұрынғы уақыттың алдындағы заманның өркениет жемісі. Назарды еріксіз бұратын жері осы жазулар түгел дерлік мал сүйегіне, әсіресе жауырынға жазылған. Кейбір мәліметтерге қарағанда, мұражайларға алынған сүйек сынықтарының саны 200 мыңдай. Оның біразын маңындағы жұрт киелі санап «айдаһар сүйегі» (龙骨) деген ат қойып дәрі іретінде қаладағы дүкендерге өткізген. Бұл, соның бәрінен аман қалғандары және ең жақсы сақталғандары. Сонда, оның қаншама мол болғанын бір Алла ғана біледі.

Егер, малшаруашылығымен шұғылданбаған ел болса осыншалықты көп сүйек қайдан келеді. Оның үстіне, адамдарға сүйекке жазу дағдысы қайдан қалыптасты? Осы жазудың малшаруашылығы дамыған елде қалыптасқанына ондағы таңбалардың өзі де айғақ. Сүйек сынықтарындағы жазуларда жылқыға ( 馬 ), сиырға ( 牛 ), қойға ( 羊 ) және басқа түліктерге қатысты таңбалар өте көп. Шаң дәуірінде арба жасау да ерекше дамыған. Оның түр-түрін жайшылықта да, соғыста да пайдаланған. Бұл да малшаруашылығымен қатысты құбылыс. Мал болмаса көлік болмайтыны, көлік болмаса арба да болмайтыны табиғи дүние. Ат болмаса арбаның дамыған түрлері күйме (үстінде шатыры бар салтанатты арба) мен қалба (үстіне үй тігілген арба) тіпті де болмақ емес.

Шаңдардың мемлекеттік жүйесі отырықшылық негізінде емес, қайта көшпенділік жүйеге сай құрылғаны олардың тарихынан, басқан іздерінен де байқалады. Белгілі мамандар, Шаңдар астанасын көп ауыстырған деп қарайды. Алайда, әлгілер: олардың көшпенді болмай, керісінше отырықшы болғанын жанын сала дәріптейді. Өйткені, ондай мемлекеттік жүйе Шаңдардың бел баласымыз, «отырықшы өркениеттің» иесіміз дейтін елге мүлде жат нәрсе. Басқалар не десе ол десін. Оған әлдеқашан болып кеткен тарих қайта өзгере қалмайды. Есесіне, ол өз келбетін сақтай отырып адамдардың тарихи танымы тереңдеген сайын, дүниежүзі тарихнамасы саяси етекбастылықтан арылып бір-біріне тұтасқан сайын бізге қатпарлы қойнауын аша түседі. Кей біреулер, уақыт озған сайын арғы тарих ұмыт бола береді деп ойлауы мүмкін. Бірақ, уақыттың бізді байырғы тарихтан алыстату жылдамдығынан, біздің өткенге ұмтылу қарқынымыз неше есе жоғары. Яғни, болашақ біздерді алыстатып болғанша біз өткеннің сырын ашып та үлгіреміз. Сол кезде, таяу заман отаршылдарының өздері үшін ашқан тарихи «жаңалықтары» мен бұрмалаған «деректері» құнын өздігінен-ақ жояды. Бейне, бір кездегі католик шіркеулерінің ғылымға жасаған кедергісі тас-талқан болып: оның орнына адамдар дүниеге шіркеудің көзімен емес, шіркеуге ғылыми назармен қарайтын болады.

Шаң әулеті деген 商 (иероглифін) қытайлар ауызекі тілде «саң» деп дыбыстайды. Ал, Шаң деп оқу ХХ ғасырдың екінші жартысында жолға қойылған жасанды әдеби тілге – «Бейжің ортақ тіліне» (北京普通话) қатысты құбылыс. Халықтық тілдегі осы «Саң» деген оқылуы «Сақ» атауының дыбыстық аудармасына дөп келеді. Сақ ұлысын қытайдың кей бір деректері Сай-жұң-рын (塞种人) деп жазған. Мұндағы сай (塞) (иероглифі) Сақ атауының дыбыстық аудармасы. Ал, жұң (种) мен рын (人) нәсіл және адам деген сөз. Олардың (қытайлардың) мұндай дыбыстық аударма жасайтын себебі, қытай тілінде тұйық (бітеу) буын тек н, ң, және й, у дыбыстарынан ғана жасалады. Басқа сөзтабы заттанған кезде, не зы (子) жұрнағын ықшамдап қалған кезде т.б. секілді жағдайда р дауыссызынан да тұйық буын қалыптасады. Сондықтан, басқа тілдегі тұйық (бітеу) буынды баламалаған кезде көбіне осындай тәсіл қолданылады. Яғни, басқы дыбыс ұқсас болып келеді де, соңғы дыбыс (дауыссыз) ыңғайына қарай алынады. Егер, зерттейтін болсақ бұл заңдылықтың төркіні өте әріде жатыр. Нақты айтқанда, Түркі тіліндегілер мен қытай тілділер осы жазуды ортақ пайдаланған кезге саяды. Бұл сөз сәл тұра тұрсын. Сақ пен саңға қайта оралайық.

Әлгіде айтқанымыздай, сақ пен саң бір-бірінің дыбыстық баламасы. Былайша айтқанда, Ілкі Түріктер 商 деген (иероглифті) сақ деп оқыған. Ол сөз, күні бүгінгідей сақ, қырағы, сақадай сай қатарлы мәндерді берген.

Әрі кейінгі кездері дыбыстық ұқсастығына қарай басқа да сөздерді (омонимдерді) білдіретін қосымша міндет өтеген. 商 (Саң) иероглифі ең бастапқы көне нұсқасы да осы пікірді айқындай түседі. «Жауырын жазуында» (甲骨文) оның үстіңгі бөлігі 辛 (шін – қиын, қиыншылық), астыңғы бөлігі 冏 (жөң – көң, тұрақ, үй). Яғни, үйдің төбесінде біреу қиын міндет атқарып тұр – күзетте тұр. Демек, бұдан сақ, сақтық деген мағына шығады. Ал, бертінгі қытай тілділер оның сақ (қырағы) деген мәнісін тастап, екінші – дыбыстық ұқсастыққа қарай келіп шыққан мағынасын (омонимін) қабылдаған. Сондай-ақ, оны «саң» (шаң) деп оқыған. Оның қытай тіліндегі мағынасы сауда, сауда-саттық. Бұл да осы иероглифтің сақ – қырағы деген мағынасының омонимі болған сақ – сауда деген мағынасынан келіп шыққан. Түсінікті етіп айтқанда: иероглифті жазуы ең баста мәлім затты не құбылысты білдіретін арнаулы таңба болғанымен, кейін сол сөзбен тұлғалас басқа мағынадағы сөздерді таңбалауға да қолданыла берген. Бұл әліппелік жазуға көшудің бастамасы еді. Ал, әлгінде айтқан екі түрлі мағынадағы сақ сөзіне келсек: алдыңғысы сол иероглифтің төл мәнісі де, соңғысы дыбыстық жағындағы ұқсастығына қарай қосымша атқарған жанама міндеті. Қазақ (Түрік) тілінде сақ пен сау бір тұлға есептеледі. Айталық: сақаю дегендегі сақ пен сауығу дегендегі сау. Біздің жоғарыдағы айтқан «сақ» тұлғасының екі омонимі туралы сөзіміздің мәнісі осында. Демек, қытайлар Сақ ұлысын білдіретін 商осы иероглифті өз тілдеріне «саң» (шаң) деп қабылдаумен бірге оның омонимінің мәнісі болған сауда деген мағынаны да оның бойына сіңіре өзгерткен.

Жыл санаудан бұрынғы тұлғалар мен ұлыстардың атының қытай тіліне мұндай жолмен сіңісті болуы жалпы құбылыс. Оған, жоғарыда Шаңмен қоса аталған Шійә (夏) (б.з.б ХХІ – ХҮІІ) және Жоу (周) (б.з.б ҮІІІ – ІІІ) әулеттерін дәйек іретінде алуға болады. Бұл жердегі 夏 (шійә) иероглифі «Жауырын жазуында» басы күн (шоқты) етіп сызылған адам (үсті首/шоу/ – шоқ, айдар; асты 人/рын/ – ерен, ер адам) бейнесінде берілген. Кейінгі кезде, оны 页 (ие) деп те қабылдаған. Екі иероглифке ортақ төркін болған басы күн (шоқты) адам бейнесіндегі осы таңба билеуші, елбасы дегенді ишаралайды. Оның 夏 бейнесінде жазылып «шійә» деп оқылуы түркінің қият ұлысының атының дыбыстық аудармасы. Ал, оның 页 түрінде таңбаланып «ие» деп оқылуы ие, елдің қожасы деген түркілік ұғымнан келіп шыққан. Яғни, қияттардың қарашалар жағынан қойылған құрметті аты. Басқаша айтқанда, бүкіл жұрт Қият әулетін иеміз деп мойындаған. Қыяттардың Қыян деп те аталатыны тарихшылардың бәріне аян. Олар, қытай мұрағатында сақталып қалған деректерде чійәң (羌) және жійәң (姜) деп таңбаланған. Соңғысына әйел дегенді меңзейтін әріп тағаны қосылуына қарағанда: ол (иероглиф), елді мәлім бір ұлы қатұн билеп тұрған тұста қалыптасқан болса керек. Бәлкім, ол – әз ана Алан Қауа шығар. Сол қият (夏) ұрпағынан б.з ХІ – ХІІІ ғасырында Таңғыт (西夏) мемлекеті біршама дәуірледі. Оларды иероглиф жазуын кең көлемде қолданған ең соңғы түркі ұлыс деуге болады.

Ал, енді 周 (жоу) әулетіне келсек: ол, түркінің тор, төр деген сөзінің дыбыстық аудармасы. Мұндағы төр (тор) сөзінің мәнісі билеушінің орны, немесе билеуші дегенге келеді. Оның «Жауырын жазуындағы» төркін таңбасы бір жағынан балық сүзетін ауға ұқсайды. Енді бір жағынан, төрт бөлмелі үйде біреулер тұрғанын меңзейді. Демек, үйді – орданы иеленуші әулет дегенді ишаралайды. Бізше, бұл: төр (билік), түрік (елесім), төрүк (заң), төурүк (тұғыр, діңгек), төркін (тек) қатарлы сөздердің арғы төркіні. Тарихқа байыптап көз жібергенде, Төр (Тор) әулеті ыдырағаннан кейін Ілкі Түріктердің оңтүстік шығыс Азияға болған түбегейлі үстемдігі бір мезет әлсіреген. Оған, олардың біраз бөлігінің сол елге сүйеніп орталық билікті таратуы себеп болған болса керек. Шамасы, тақтан тайған билеуші әулет ендігі жерде батысқа қарай ығысып, ордасын Жерорта теңізінің жағалауына көшіруге мәжбүр болған. Біздің пайымдауымызша, тарихтағы Троада, Троя (Troia) делініп жүрген атаулар осы Тор (төр) елімен тікелей байланысты. Егер, көне жазбаны дұрыстап оқыса, олар: Торада (төр ата), Тория (Тор астанасы) болып шығуы мүмкін. Троя оқиғасына қатысты Илиада, Елена деген есімдердің: Елата (Елте), Елана (Елене) болмауы мүмкін бе?! Осы Гомер (Homeros) дегеннің өзі кім? Оны түрік ғалымы әл Бирунидің тілге тиек етуі нені түсіндіреді. Көне грек, вавилонға телініп жүрген Арес, Мардук деген есімдер қазақ нанымындағы «арыс» (ел арысы), «марту» /мартұқ/ (марту басқыр) деген атаулардың дыбыстық аудармасы емес пе. Этрус жазуындағы көне түрік әрпі мен грек әрпінің аралас қолданылуы нені түсіндіреді?! Жауабы: ол – осы заманғы батыс әліппелерінің көне түрік әліппесінен келіп шыққандығының бұлтартпас айғағы. Тағы, сондай-сондайлар… Оның бәрін болашақ уақыт шешері хақ.

«Ата жазу алыстан сыр қозғайды» деген еңбегімізде: 五帝 (у-дій) дегеннің Бастек (түп-тек), 炎帝 (йән-дій)-дің Янтек (от ата), 黄帝 (хуаң-дій) сынды есімнің Шәртек (қала баба) екенін ортаға салған едік. Қытайдың өздеріне ұлттық атау етіп тұрақтандырып алған 汉 (/көнесі – 漢/ хан) иероглифінің де бұрынғы нұсқасының жасалу жолы түріктің хан сынды ең жоғары билік атағының мағынасын меңзейтінін де сонда айтқанбыз. Оның бәрін бұл жерде қайталамай-ақ қояйық. Есесіне, мына бір неше сөзге, немесе олардың түбіріне назар салып көріңіз. Гәп немесе геп (түрікше), 诰 (/гәу/ (қытайша), говорить (/гаварит/ орысша). Осының бәрі сөз, баян, баяндау дегенді білдіреді. Тек, әр қайсысы өзін қолданған ұлттың фонетикалық ыңғайына бейімдестірілген. Әйтпесе түбі бір. Шен (түрікше), 衔(/шійән/ қытайша), чин (орысша) барлығының мағынасы да дәреже, деңгей. Егер, орысша жақсы білген адам болса мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болары сөзсіз.

Қазақша (түрікше) сөздерге құрылысы жағынан сәйкес келетін иероглифтер өте көп. Әсіресе, байырғы иероглифтердің шығуы жағынан да, фонетикалық жағынан да қазақ тілімен белгілі заңдылықтар бойынша үйлесе келіп отырады. Айталық: 说 (шо) иероглифін қытай ауызекі тілінде (сол түстік орфоэфиясында) со деп дыбыстайды. Оның мағынасы – айту, сөйлеу. Бұл, біздің сөз, сөйлеу түбіріндегі (сөй сияқты) буынына сәйкес келеді. 步 (бу) деген иеороглифті алсақ та, тіліміздегі бұт сөзіне дөп келіп тұр. Олар, өздерін қолданушылардың тілдік заңдылығына қарай бірі ашық, екіншісі тұйық буын қалыптастыруда. Мағыналары да қарайлас – біріншісі (бу) яғни қадам дегенді білдірсе, екіншісі екі санның арасы деген мағынада. Айта берсе, мұндайларды көптеп келтіре беруге болады. Мұны ұсынудағы мақсатымыз, оқырманның көзін түркі халқының осы бір иероглиф сынды аса байырғы әрі ерекше жазуға еншілес қана емес, оны жасаушысы екеніне де көз жеткізу. Сол арқылы, Сақ және Саң (商) сынды екі елесімнің (этнонимнің) бір ғана ұлыстың аты екеніне иландыру. Қорыта айтқанда:

Біріншіден, екі ұлыстың жасаған замандары сәйкес келеді; екіншіден, олар қалдырған мұраның стилдік ерекшеліктері ұқсас; үшіншіден, 商 (саң) елінен қалған ою үлгісі түркілерге, сондай-ақ қазаққа тән дәстүрлі әрі ерекше өнер түрі; төртіншіден, 商 (саң) елінде дамыған малшаруашылығы болған; бесіншіден, Саң сөзі Сақ атауының қытай тіліндегі дыбыстық аудармасы. Әрі бұл иероглифті сақ ұлысы: қырағы, мығым, қапысыз құдыретті ел деген мағыналарды сіңіре отырып өздері жасап кеткен. Ендеше, Шаң (商 саң) әулеті деп жүргеніміз өзіміздің Сақ ұлысымыз екен. Ондай болғанда, Түрік ұрпақтарының әлде кімдерді «мәдениетті» халық, «ұлы» ел деп асқақтатуының жөні жоқ.

Біз «Ата жазу алыстан сыр қозғайды» деген еңбекте ортаға салған көзқарастарымызды тағы да ұсынамыз. Тарихта пәлен өркениет, түген өркениет деген бас-басына сыбаға алатындай өркениет болған емес. Өркениет ошақтары деп жүргеніміз – «Көшпенділердің» әр жерде, әр заманда қалыптастырған күллі адамзатқа ортақ мәдениет бақшасы екен. Бұл арада, бір нәрсенің басы ашық. Ол – осынау ғаламдық ұлы қозғалыстың басында Ілкі Түріктердің болғандығы. Осы үрдіс, әлемнің әр жерінде Мәмүлік (Қыпшақ), Алаш (Шыңғыс), Осман, Темір әулеттері заманына дейін жалғасты. Осынау мәдениет қозғалысының ең басында жазу тұр. Ол, сонау жартас суреттерінен бастап бүгінгі әліппелік жазуларға дейін тек қана бір тамырдан өрбіген. Оны өрбіткен, тағы да сол «Көшпенділер». Сондықтан, Түркілердің барша Түріктердің төркіні болған біздің Қазақтардың дербес әрі жүйелі жазутану ғылымы болуы керек. Әсіресе, Қазақтың ұлы білім ордаларында ұлттық негіздегі төл (иероглиф) тану орындарының ашылуы уақыт күттірмес мәселе. Сонда ғана, біз ата-бабаларымыз жаратып кеткен ұлы да даңықты тарихтың байыбына шындап бара аламыз.