Жаңа министрлік және тағайындаулар. Президент ведомстволық-кадрлық өзгеріс жасады

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы жарлық шығарды.

Ақорда қысқы
Ақорда. Фото: Тұрар Қазанғапов

Нұрсұлтан Назарбаев Инвестициялар және даму министрлігін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ретінде қайта ұйымдастыруды қаулы етті. Президенттің тиісті жарлығы Ақорданың ресми сайтында жарияланды.

Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында 1. Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі: 1) Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне инвестицияларды тарту жөніндегі мемлекеттік саясатты қалыптастыру саласындағы; 2) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне инвестицияларды тарту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып өзгертіліп, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі болып қайта ұйымдастырылсын, – делінген жарлықта.

Президент жарлығы бойынша ҚР Сыртқы істер министрлігі экспортты ілгерілету саласындағы қызметті үйлестіруге жауапты және мемлекеттік органдар берілетін функциялар мен өкілеттіктерге сәйкес қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органның құқықтары мен міндеттемелерінің құқықтық мирасқорлары болып белгіленеді.

Мемлекет басшысы Үкіметке ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар жөніндегі комитетін ҚР Сыртқы істер министрлігінің қарамағына беруді, қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органның тиісті штат санын беруді, Сыртқы істер министрлігіне “Kazakh Invest ұлттық компаниясы” АҚ акциялар пакетін иелену және пайдалану құқықтарын беруді, осы жарлықты іске асыру бойынша өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етуді тапсырды.

ҚР Президентінің “Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы” Қазақстан 1999 жылғы 22 қаңтардағы №6 жарлығына мынадай өзгеріс енгізілсін: “Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі” деген жол мынадай редакцияда жазылсын: “Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі”. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі, – делінген Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығында.

Жаңадан құрылған министрлікке бұрынғы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек басшы болып тағайындалды.

Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі қызметінен босатылсын, – делінген Мемлекет басшысының жарлығында.

Сонымен бірге Президенттің 2018 жылдың 26 желтоқсандағы жарлығымен Бейбіт Атамқұлов Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі болып тағайындалып, Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі  қызметінен босатылды.

Мемлекет басшысының жарлығымен Асқар Жұмағалиев Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары қызметіне қоса, Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып тағайындалды. Ал Мемлекет басшысының жарлығымен Қайрат Әбдірахманов басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі қызметінен босатылды.