2017 жылдың мәліметі бойынша YouТube желісіне айына 1,5 миллиард адам кірген. Күніне 1 миллиард сағат өткізіліп, 1 минутта 400 сағат контент жүктелген. Осыдан YouТube-тің біздің өмірімізге дендеп кіргенін көруімізге болады. Тамақ пісіру, көлік айдау, макияж жасау, тағы басқа дүниелерді осы әлеуметтік желіден үйренеміз.
Балалар да интернетті белсенді қолдана бастады. Нәтижесінде балаларға арналған түрлі бағыттағы видеоарналар көбейді. Оның ішінде білім беретін арналар да, бала миын улайтын түрлі зиян видеолар да бар. 2017 жылы YouТube-тің маркетинг бөлімінің вице-президенті Джоанна Райт ресми блогында балаларға арналған контентке қатаң тексеріс енгізілетінін мәлімдеді. Ол бойынша дөрекілікке, bad baby — балаларды түрлі бұзықтыққа, қылмысқа итермелейтін, зиян тамақ, тәттілер жейтін сюжеттер, қан элементтері бар, қорқыту, бала ұрлау кадрлары бар видеоларды жүктеуге тыйым салынған.
Енді балаларға не көрсетуге болады? Желіден өзге тілде Пеппа торай мен тентек Машаны ғана емес, оқыту, дамыту бағытындағы ойындар мен мультипликациялық видеоларды да таба аламыз. Алайда ата-аналарға бұл сегментте қазақтілді сапалы арнаны таңдау, тіпті, табу қиындық туғызады. Өйткені кәсіби тұрғыда қазақи контент жасап, нағыз балалар арнасын жүргізіп отырған ютуберлер аз.
Baribar.kz редакциясы балалар контентін жасаушы бір арнаны тауып, оны кімдер жүргізіп жатқанын анықтады.
BilimLand Kids YouTube арнасын 2018 жылы Bilim Media Group компаниясы ашқан. Қазіргі уақытта арнаға балаларға арналған 19 қазақша ән жүктелген. BilimLand Kids-тің бағыты — бүкіл әлемге танымал болған балалар әндерін қазақшалау.
BilimLand Kids-тің бас үйлестірушісі Назымбек Шардарбековтің айтуынша, қазір тәрбиесі жоқ, мағынасыз, ойсыз, ойын-күлкіге құрылған, атыс-шабысы көп видеолар мен мультфильмдер көп. Ал BilimLand Kids-тің көздегені бала психикасына зиян келтірмей, ата-анамен бірге үйренуге болатын танымдық арна жасау.