Екі күндік фестиваль кезінде тегін қатысуға болатын көптеген іс-шара өтті. Алматылық музыкалық топтардың концерті, жаңажылдық hand made жәрмеңкесі, жалпы айтқанда, әлемнің барлық ірі қаласында өтетін дәстүрлі жаңажылдық бағдарлама дайындалды.
Фестивальдің өзге мерекелік шаралардан ерекшелігі — 11.00-де басталып, 20.00-ге дейін жалғасты.
Гүлнұр Қабдылдаева фестивальдің өтетінін әлеуметтік желілерден білген. Мұнда келушілерге күніне рет-ретімен 20-ға жуық шара ұйымдастырылған.
Әр демалыс сайын балаларды ойнатып, бір уақыт көңілдерін көтеріп қайтатын жер іздейміз. Балаларым «Атакентте» фестивальдің өтетінін естіп, қатты қуанды. Мұнда барлығы жақсы ұйымдастырылған. Байқаулар мен қызықтар көп. Бүгін бағдарламада көрсетілген ойын-сауықтың барлығына бірдей қатыса алмадық. Адамдар жалықпайды. Ертең балаларыммен тағы да келуді жоспарлап отырмын, — дейді Гүлнұр.
Гүлнұрдың ұл-қызы бүгін төбешікте армансыз сырғанап, Жаңа жылға арналған түрлі бұйым жасап үйренді.
Шығармашылық тапсырмаларды ұнататындар үшін ұйымдастырушылар «Аққала шыңы» байқауын ұйымдастырған. Бұл — Алматыда алғаш өткізіліп отырған ерекше экоарт байқау. Қатысушылар аққаланы бұл жолы қардан емес, берілген форма мен модуль және тағы басқалары бойынша түрлі тұрмыс қалдықтарынан жасап жарысты. Оның мақсаты — пластик қалдықтарын жинау. Қала бойынша аққала жасауға арналған материалдар үшін арнайы контейнерлер қойылған. Бұл байқауға қатысушы көп болды. Оны фестиваль аумағындағы аққалалардың санынан байқауға болады. Түрлі картон қағаздарынан, пластик бөтелкелер, қапшықтар мен көліктің дөңгелектерінен де жасалған. Қатысушылар мен ұйымдастырушылар осылайша керексіз болып қалған тұрмыстық қалдықтарға екінші рет өмір беріп отыр.
Екі күн бойы фестивальде скандинав жүрісінен жарыс өтті. Қатысушылардың көбі зейнеткерлер мен егде жастағы адамдар болды. Қос таяқпен жаяу жүріп жаттығатын спортты Финляндия жаттықтырушылары ойлап тапқан. Скандинав жүрісімен ұзақ жыл бойы тек спортшылар айналысып келсе, 90-жылдардан бастап әуесқойлар, әсіресе, қарттар қолына таяқ ұстап жаттыға бастады.
Скандинав жүрісімен жарты жылдан бері айналысып келемін. Өте пайдалы екен. Осы серуеннің арқасында адам денесіндегі бұлшықеттердің 90%-ы шынығады. Бүгінгі шарада осы спорт түрінен байқау болады дегенді естіп келіп отырмын, — дейді сайысқа қатысушылардың бірі Алмагүл Пернебаева.
Фестиваль аумағында кемпингтер орнатылды. Кемпинг — туристерге арналған шатырлармен жабдықталған лагерь. Оны кез келген жерге орналастыруға болады: орманда, тауда, жағажайда.
Фестиваль кезінде жаңажылдық жәрмеңкеде кәдесыйлар мен қолдан жасалған түрлі бұйымды сатып алуға мүмкіндік болды. Ағаш ойыншықтар, шыршаны безендіруге арналған және тоқылған заттар, экологиялық таза өнімдер мен сөмке, киім және тағы басқа заттар жаңажылдық мереке қарсаңында келушілердің көңіл-күйін көтерді.
Winter Family Party-де волонтерлар жұмыс істеді. Жоғары сынып оқушылары мен студенттер келушілерге қызмет көрсетіп, көпшіліктің алғысын алды.
Фестивальдің басым бөлігі Тиіннің жанындағы мұзайдында болды. Мұзайдын жаңа болғанына қарамастан қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шығып үлгерді.
Мұзайдыннан бөлек төбешік пен лабиринт те болды.
«Этникалық аспаптар» аймағына келушілер барабан, дабыл және глюкофонда мастер-классқа қатысып қана қоймай, жаңажылдық жеңілдікпен сол аспаптарды сатып ала алды.
Ниет білдірген әр адам тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен табиғат аясындағы қысқы саяхатқа қажетті дағдыларды үйренді.
Балаларға арналған мастер-класта фестивальдің ең жас қатысушылары шыршаны, үйді безендіруге арналған түрлі жаңажылдық бұйымды қалай жасау керек екенін үйренді.
Winter Family Party сахнасында екі күн бойы 11 музыкалық топ пен артист өнер көрсетті. Қазақстандық диджейлер мен басқа да музыканттар көңілді әрі қуанышты атмосфера жасады.
Ал кешке қонақтар қысқы отбасылық кештің шарықтау шегі — Тиін арт-нысанындағы Жаңа жылға арналған сюжетті тамашалады. Маппинг технологиясы мен толықтырылған шындық эффекті ғажайып ертегі атмосферасын қалыптастырды.
Фестиваль Алматы әкімдігінің қолдауымен өтті. Бас демеуші — Siberian Wellness компаниясы.
Серіктес – «Atakent ҚІЫО» АҚ.
Ақпаратттық серіктестер: Baribar.kz ақпараттық-танымдық сайты мен Informburo.kz аналитикалық порталы.
Winter Family Party-дің әлеуметтік желідегі ресми парақшалары:
Facebook: Art Energy Almaty – https://www.facebook.com/artenergyalmaty
Instagram: @artenergykz – https://www.instagram.com/artenergykz