Алматы әкімдігі жас композиторлар байқауына қолдау көрсетті

Алматыда Қазақстан композиторлары байқауының жеңімпаздары анықталды.

«Вечерний Алматы» басылымының хабарлауынша, жас авторлардың шығармашылық байқауын «Арт-Мирай» жеке қоры «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында Алматы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды. Шара Қазақстан Тәуелсіздігі күніне арналған. Байқау жеңімпаздарының есімі Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында өткен «Композитор — орындаушы — тыңдарман» тақырыбындағы дөңгелек үстелде жария болды.

«Арт-Мирай» қорының директоры Әсел Имайо қыркүйекте басталған байқауға 44 автор қатысқанын айтты. Шығармашылық байқауының басты шарты ұлттық музыка мәдениеті негізінде халықтың рухы мен философиясын жеткізетін композиция туғызу болды. Жобаға қатысуға еліміздің әр аймағындағы авторлардың ниет білдіргенін қуанышпен айтқым келеді, мұндай ниет елімізде шығармашыл, болашағынан үміт күттіретін жас композиторлар көп екенін білдіреді, — деді Әсел Имайо.

Байқау материалдарына шолу жасаған Қазақстан Композиторлар одағының басшысы, байқаудың қазылар алқасының жетекшісі Балнұр Қыдырбек еліміздің композиторлық мектебі халықаралық қауымдастықта жоғары бағаланатынын айтты.

Шетелде жүріп, отандық музыканы тыңдаған сәтте бойыңды мақтаныш билейді. Біздің музыка ұлттық мінезді байқататын нақты тақырыбымен ерекшеленеді. Жас композиторларға тақырыпты дамытумен, музыкалық аспаптардың мүмкіндігін зерттеумен айналысу керек, шығармасының қалай дыбысталатынын білу үшін орындаушылармен бірлесе жұмыс істеуден қысылмау керек, — деді Балнұр Қыдырбек.

Байқауда Variations аталатын композициясымен астаналық Әзімбек Жамбаев жеңімпаз атанды. Ол І дәрежелі дипломмен және 150 мың теңгенің сертификатымен марапатталды. ІІ дәрежелі диплом мен 100 мың теңге көлеміндегі жүлде павлодарлық жас талант Максим Хлебовқа Danse of Wanderers шығармасы үшін берілді. «Аллегро» аталатын композицияның авторы — астаналық музыкант Карина Измаилова ІІІ дәрежелі диплом мен 50 мың теңгенің сертификатына ие болды.

Жеңімпаздардың шығармасы кәсіби форматта жазылып, GoldStrings.kz — Қазақ академиялық музыкасының алтын қоры сайтында жарияланады.

ДереккөзVecher.kz