Басты бет Таным Күні бойы сергек жүру үшін мына 9 істі әдетке айналдырыңыз
Достар, сергектік
Иллюстрация: Dribbble.com/©Neda Ivanova

Күні бойы сергек жүру үшін мына 9 істі әдетке айналдырыңыз

Мақсатқа жету жолында күні бойы сергек, жігерлі болып жүрудің амалдары қандай? Оны біз кәсіпкер әрі өз-өзін дамыту туралы блогтың авторы Скотт Янгтың жазбасынан таптық.

1. Ерте ұйықтаңыз

Ұйқыңыз қанбаса, еңбек өнімділігіңіз төмендей бастайды, бірақ кейбір адамдар 6 сағат не одан аз уақыт ұйықтап та, жұмысты жақсы істейтінін айтады. Бұл зерттеумен дәлелденбеген. Ой тазалығын ұзақ сақтау үшін міндетті түрде 7-8 сағат ұйықтау керек.

Кей адам ұйқысы қанбағандықтан күні бойы шаршаңқы жүреді. Бұл сізге әсер етпейтіндей көрінуі мүмкін, бірақ зерттеушілер эксперимент жүргізіп, ұйқының қанбауы ақыл-ойдың дамуына кері әсерін тигізетінін анықтаған. Бұл 4-6 сағат ұйықтайтындарға қатысты.

Тапсырма: Күнде, тіпті демалыстарда да бір ай бойы 22.00-де ұйқыға жатып көріңіз.

2. Күнде спортпен айналысыңыз

Жаттығу — ұзақмерзімді энергиялық инвестиция. Белсенді дене қимылынсыз жалпы денсаулық деңгейі нашарлайды. Бұл ойлау мен концентрацияңызға қиындық туғызады.

Әрине, уақыттың тығыздығына байланысты әрдайым спорт залына баруға мүмкіндік бола бермес. Сондықтан кеңседе отырсаңыз да, күніне бірнеше рет жаттығу жасап, денені шынықтырып алған жөн. Ол қанайналымды жақсартады әрі көп уақытты қажет етпейді. Мүмкіндігіңіз болса, әрине, фитнеске не спортзалға барғаныңыз жақсы.

Тапсырма: Күніне кем дегенде 10 рет қысқа жаттығу жасаңыз.

3. Күндіз мызғып алыңыз

Бұл жалқаулық емес, ол — есте сақтау қабілеті мен ағзаның жақсаруына көмектесетін пайдалы әдет. Әсіресе көп ақпаратты есте сақтағыңыз келсе, күндіз мызғып алғаныңыз абзал. Оған қоса, сиеста түстен кейінгі шаршаңқылықты басып, қуаттандырады. Жұмыс орныңызда мызғып алатын орын болмаса да, үзілістің жартысын пайдаланып, ұйықтайтын жер тауып алыңыз.

Ең бастысы — көп ұйықтамау керек. Оятқыш шырылдаған соң бірден тұрып, қайтадан ұйықтап кетпеу керек. Күндізгі ұйқыны тым созып жіберсеңіз, әлсіз боп оянасыз, бірақ мұндай ұйқы да пайдалы. Біраз уақыт өтіп, ұйқы ашылғаннан кейін күш-қуаттың артқанын сезінесіз.

Тапсырма: Түстен кейін 20 минутыңызды бөліп, күшіңізді қалыпқа келтіру үшін мызғып алыңыз.

4. Ауыр жұмысты таңертең істеңіз

Жұмыс күнінің алғашқы 4 сағаты — маңызды жұмысты тындыру үшін таптырмас уақыт. Сондықтан ауыр шаруаларға барынша тезірек кірісіңіз. Бұдан көбіне психологиялық пайда көресіз. Себебі энергия мөлшері көңіл-күйге де байланысты. Біз ауыр жұмысты бітірген кезде өнімділік артып, өзімізді жақсы сезіне бастаймыз. Таңғы уақытты электрон пошта, отырыстар мен телефонға жұмсасақ, керісінше, әлсіреп, күш-қуатымыз кешке қарай таусылып қалады.

Оған қоса, күні бойы бір нәрсеге қадалған күйі жұмыс істеу мүмкін емес. Бұл маңызды жұмысты бірден атқарып тастауға көметеседі.

Тапсырма: Күніңіздің алғашқы 4 сағатында бір маңызды істі толығымен бітіруге ден қойыңыз.

5. Кешке келесі күннің жоспарын дайындап қойыңыз

Энергия деңгейі күнінің қалай басталғанына байланысты. Жұмысты бірден қолға алсаңыз, өнімділік артып, шаруаны кері ысырудан аулақ боласыз. Жұмысты жай бастасаңыз, күш-қуатыңыз азайып, істің нәтижесі нашарлайды.

Сондықтан күніңіздің қалай өтетінін жоспарлап алған жөн, әсіресе, таңғы мезгілді. Ол үшін жоспарды бір күн бұрын кешкісін құру керек. Таңертең бірден жұмысқа кірісіп кету үшін ниетіңізді визуализациялап, жазып алыңыз.

Тапсырма: Ұйықтамас бұрын ертеңгі күнге жоспар жасап алыңыз.

6. Өз-өзіңізге мақсат сатыңыз

Бәрі буып-түюден басталады. Мақсат пен жобаларды тиянақтау мотивацияға байланысты. «Істеу керек шаруа» және «ойландыратын қызық тапсырма» дегенді салыстырып көріңізші. Айырмашылықты сезіп тұрсыз ба?

Келесі қадам — шабыттандыратын нәрселерді еске түсіріңіз. Не үшін бұл іске кірісіп, қандай жетістікке қол жеткізуді ойладыңыз? Тұтынушы тауарды сатып алу үшін өз қалауын елестетіп алуы керек. Осы кезде маркетологтың көмегі керек. Сол сияқты сіз де энергия пайда болуы үшін қол жеткізгіңіз келетін нәрсеңізді көз алдыңызға әкелуіңіз керек.

Тапсырма: Күніне 10 минутыңызды бөліп, бүгінгі әрекеттеріңіздің дамуға қалай көмектесетінін ойлап көріңіз.

7. Сізден энергия алатын адамдармен қарым-қатынасты шектеңіз

Ата-анаңызды таңдай алмайсыз. Әріптестеріңізді де таңдай алмассыз, бірақ достарыңызды таңдауға мүмкіндік бар. Достарыңызбен уақыт өткізгеннен кейін өмірге деген құлшыныс пен сергектікті сезінесіз, ал кейбірімен сөйлескеннен кейін, керісінше, әлсіреп қалғандай боласыз.

Әрине, өмірінде уақытша қиындық пайда болған достарыңыздан алыстамаңыз, бірақ досыңыз әрдайым сізге негатив пен жаман әсер қалдырса, онымен әрі қарай достықты жалғастыру керек пе деп ойлап көргеніңіз жөн.

Тапсырма: Достарыңызбен кездесуден кейін өзіңізді құлазығандай сезінсеңіз, олармен сөйлесуді шектеңіз.

8. Жақсы кітап оқыңыз

Жақсы кітап тиімді мағлұмат айтып қана қоймай, бірте-бірте ойыңызды өзгертеді. Жақсы ән көңіл-күйіңізді қалай өзгертсе, жақсы кітап та дәл солай энергиямен қуаттандыруы мүмкін. Ол үшін аудиокітап — таптырмас әрі ыңғайлы құрал.

Тапсырма: Өзіңізбен бірге мақсатыңызға жетелейтін кітап алып жүріңіз.

9. Өмірдің тепе-теңдігін сақтауға тырысыңыз

Біз көп энергияны босқа жұмсаймыз. Себебі өмірдің ішкі әрі сыртқы жақтары бір-біріне қарама-қарсы келеді. Дәрежеңіздің жоғарылауын қаламайтын жұмыстасыңыздың сізді тежеуі мүмкін, мақсаттарыңызды күлкі ететін достарыңыз немесе өзіңіздің қорқыныш-күмәніңіз де болуы ықтимал.

Уақыт бөліп, өміріңізде жиналған қарама-қайшылықтарды шешуге тырысыңыз. Кейде бұл бірдеңені өзгертуге көмектеседі. Ал кейде өміріңізді улайтын нәрселер мен жағдайлардан арылу үшін ұзақмерзімді жоспар қажет.

Тапсырма: Мақсатыңызға жету үшін не көмектесетінін, ненің кедергі болып, ол кедергілерден қалай арылу керек екенін ойлап көріңіз.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!