Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Түркияның танымал курорттарында темекі шегуге тыйым салынды

Фото: Depositphotos.com
Түркияның Анталия қаласында 5 маусымнан бастап бірқатар жағажайда темекі шегуге толық тыйым салынды. Жаңа талап алғашында Лара, Белек, Чамьюва және Beach Park жағажайларында енгізіліп отыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Hurriyet Daily News басылымының мәліметінше, шектеу әзірге Түркияның мәдениет және туризм министрлігіне қарасты жағажайларға қолданылады. Болашақта бұл тәжірибені өзге демалыс орындарына да тарату жоспарланған.

Темекі тұқылдары теңізді ластаған

Мұндай шешімге ғалымдардың зерттеуі себеп болған. Акдениз университетінің мамандары теңіз түбінен көп мөлшерде темекі тұқылдарын анықтаған.

Зерттеу жетекшілерінің бірі Эбру Шахиннің айтуынша, бастапқыда теңіз ағзаларына ұқсаған нысандардың шын мәнінде үйіліп жатқан темекі қалдықтары екені белгілі болған.

Мамандар темекі тұқылдары жағалауда жиналып, кейін теңізге тарап, экожүйеге елеулі зиян келтіретінін айтады. Сондықтан бастама теңіз флорасы мен фаунасын қорғауға, сонымен қатар жағажайларды балалар мен отбасылар үшін қауіпсіз әрі жайлы етуге бағытталған.

Түркия 2040 жылға дейін темекіден толық бас тартуды көздейді

Жоба Анталияның кең ауқымды экологиялық стратегиясының бір бөлігі саналады. Қалада ауыз су құю станциялары орнатылып, пластик қалдықтарын азайтуға арналған инфрақұрылым да дамытылып жатыр. Сонымен қатар Түркияда темекі шегуге қатысты талаптарды барлық қоғамдық орынға кеңейтуді көздейтін заң жобасы әзірленіп жатыр, — делінген хабарламада.

Түрік билігінің ұзақмерзімді мақсаты – 2040 жылғы 1 қаңтарға қарай ел аумағында темекі өнімдерінің сатылымын толық тоқтату.