Астанада дипломаттар арасында шағын футболдан турнир өтті

Астанада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 27 жылдығына орай дипломатиялық корпус арасында шағын футболдан турнир өтті. Бұл — Астана дипломатиялық клубы айдарымен өтетін жоспарлы спорттық жарыстар сериясының алғашқысы.

Турнирге алты команда қатысты: Ресей Федерациясы, Әзірбайжан Республикасы, Корея Республикасы мен Индонезия елшіліктерінің, Еуропалық Одақ елдері, АҚШ, Канада дипломаттарының құрамасы және Digital Club мүшелерінен, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы мен халықаралық компаниялар өкілдерінен тұратын Kazakhstan Team командасы.

Қазақстан Тәуелсіздігі күні қарсаңында әралуан елдердің өкілдерін спорттың біріктіріп отырғаны өте қуанышты, бұл ұлтаралық достықты нығайтуға, көшбасшылық пен патриотизмге ұмтылысты білдіреді,- дейді Астана дипломатиялық клубының президенті Қайырболат Сахметов.

Командалардың ойынына ұлттық санаттағы судья Дәулет Хамзин төрелік етті. Финалда Ресей Федерациясы елшілігінің командасын ұтқан Kazakhstan Team жеңімпаз атанып, алтын кубокты иеленді. Қола кубокты ресейлік әріптестерімен тең ойнап, бірақ пенальти бойынша есе жіберген Әзірбайжан елшілігінің командасы жеңіп алды.

Спорт халықаралық қарым-қатынастардың ажырамас бөлігі атанды. Ол адамдарды біріктіре алады және мәдениетаралық диалогты нығайта алады.  Біз турнирге қатысқанымызға өте қуаныштымыз және спорттық іс-шаралардың бүкіл дипломатиялық корпусты біріктіретін жақсы дәстүр болатынына сенеміз, — деді Әзірбайжанның Қазақстандағы елшілігінің бірінші хатшысы Маммад Багиров.

Астана дипломатиялық клубы — дипломатиялық корпус, әкімшілік басқарма, қазақстандық  бизнес-қоғамдастық, қоғамдық ұйымдар, шығармашылық интеллигенция мен  медиақоғамдастық өкілдері арасындағы серіктестік байланыстарды орнататын алаң.