20 мың теңгелік банкнот айналымға шығады

Банкноттың Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті мемлекеттік мерекесіне орай шығарылатыны хабарланды. Бұл банкнот 2013 жылы дайындалған. Басқа ақша белгілерімен қатар айналымға шыққан кезеңнен бастап ол заңды төлем құралы болып есептеледі және төлемдер мен ақша аударымдарының барлық түрінде қабылданады.

Банкноттардың дизайны айналымдағы ақша белгілерімен бірыңғай стильде орындалған: бет жағының басым бейнелері тігінен, ал сырт жағында көлденең орналасқан. 20 мың теңгелік банкноттың өлшемі: 155х79 мм.

Банкнот көк-сұр түсті.

Бет жағында негізгі бейнелер «Қазақ Елi» монументі, пырақ және Мәңгілік ел салтанатты аркасы бейнеленген. «Қазақстанның тәуелсіздігін бейнелейтін «Қазақ Елі» тарихи-мемориалдық кешені Астана қаласының он жылдық мерейтойы қарсаңында ашылды. Стела биіктігі — 91 метр — ол Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылды білдіреді. Ескерткіштің мәрмәр негізі Қазақстан халқының таза ой-ниеті мен этникааралық үйлесімін көрсетеді. Ал төбесінде Самұрық құс бар стеланың өзі Қазақстан халқының болашаққа, одан әрі даму мен гүлденуге деген ұмтылысын көрсетеді», — деп жазылған Ұлттық банктің баспасөз хабарламасында.

«Банкноттың жоғарғы сол жағында пырақ бейнеленген, ол түркітілдес және көшпенді халықтарды қоса алғанда көптеген мәдениетте таза нұр мен өмірдің, шабыт пен жемісті еңбектің, мақсатқа ұмтылушылық пен биліктің нышаны ретінде қабылданады. Банкноттың төменгі жағында ортада Мәңгілік ел салтанатты аркасы — еркін елдің мәңгілік идеясы, жалпыға ортақ Қазақстан үйінің ұлттық идеясы сәулет құрылысы тұрғысынан бейнеленген. Сырт жағында банкноттың ортасындағы негізгі бейне Қазақстан картасының пішіні және астанамыз — Астана қаласының Қазақстан Республикасының Конституциясында негізі қаланған билік тармақтарын бөлу қағидатын көрсететін тәртіппен орналасқан Ақорда, Парламент және Үкімет ғимараттары бар көрінісі бейнеленген», — деп хабарлады баспасөз қызметі.

Таратылған хабарламаға сәйкес, жаңа банкнот Қазақстан теңгесінің ең қорғалған ақша белгісі, сонымен қатар әлемдегі ең қорғалған банкноттардың бірі болып есептеледі. «Қорғау үшін қолдан жасаудан қорғау индустриясындағы соңғы инновациялар, жалған ақша жасаушыларға қарсы іс-қимылдың жаңартылған әрі күшейтілген классикалық тәсілдері пайдаланылды. Бет жағындағы негізгі қорғаныш элементтер: банкноттың екі жағынан жарыққа тосып қарағанда көрінетін самұрық мифтік құсы түріндегі композиттік жетілдірілген сутамғы белгісі және мөлдір орын түріндегі құс пішіні. Дизайнының түпнұсқалылығын тексеруді жеңілдететін түс ауыстыру элементтері пырақ, мөлдір орында көрінетін қазақтың ою-өрнегі және түс ауыстыратын қорғаныш үзік-үзік жіп түрінде орналасқан», — деп жазылған Ұлттық банк хабарламасында.

Банкноттың сырт жағында бірқатар қорғаныш элементі бар: сутамғы белгісі, түс ауыстыру бояумен басылған ою-өрнек элементі бар мөлдір орын, жарыққа тосып қараған кезде бет жағындағы бөліктермен біртұтас суретті құрайтын қосарланған бейненің бөліктері. Банкноттың төменгі сол жақ бұрышындағы номиналы да көлбеу бұрышын өзгерткен кезде түсін ауыстырады.

ДереккөзTengrinews.kz