Ұлы жазушы атындағы мемлекеттік университеттің құрылғанына — 75 жыл

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің құрылғанына 75 жыл толды. Мерейтой аясында «Жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету: тұжырымдамалық мәселелер мен стратегиялар» тақырыбында ректорлардың кезекті көшпелі мәжілісі өтті. Оған Шымкенттегі ЖОО ректорлары мен Орталық Азияның 11 жоғары оқу орнының басшылары қатысты.

ОҚМУ
Фото: Университеттің баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы ректорлар кеңесінің кеңейтілген отырысында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Орталық Азияның бірнеше жетекші университетімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Атап айтқанда, бұл университет келешекте Ташкент сәулет-құрылыс институтымен, Ресей Федерациясының Тұңғыш Президенті Борис Ельцин атындағы Қырғыз-Ресей Славян Университетімен, Өзбек мемлекеттік әлем тілдері университетімен және Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетімен бірлесе жұмыс істейді.

ОҚМУ
Фото: Университеттің баспасөз қызметі

Университеттің 75 жылдығына орай оқу орнының бас ғимараты алдындағы ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің ескерткіші жаңғыртылып, салтанатты жағдайда қайтадан ашылды. Ескерткішті ашуға университет ректоры Дария Қожамжарова, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев және Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты. Ұлы жазушы ескерткішінің авторы — Құттыбек Жақып. Мұхтар Әуезовтің түрегеліп тұрған бейнесін кесек сомдаған автор қазіргі жастар санасында оның әлемдік деңгейдегі тұлға екенін мүсін тілімен айшықтап берді.