Басты бетЖаңалықтарАстанада алғаш...

Астанада алғаш рет «Елорда жұлдызы» сыйлығы табысталды

Астананың елорда болып жариялануына орай «Елорда жұлдызы» сыйлығы тағайындалды. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сыйлық қаланың дамуына үлес қосып, атағын әлемге танытқан ұжымдар, ұйымдар мен танымал тұлғаларға табысталды.

Бұл жылы естелік хрусталь мүсін Astana Ballet театрына, «Астана Опера» театрына «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне, Назарбаев университетіне, «Астана» футбол клубына, «Барыс» хоккей клубына, «Астана» велокомандасына, «Спарта-Номад Астана» КТК командасына, «Жастар» театрына және  медициналық кластер өкілдері Юрий Пя мен Серік Ақшолақовқа берілді.

Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! Сіздерді шын жүректен бүгінгі мерекемен құттықтаймын. 21 жыл бұрын мен де жас маман ретінде пойызға отырып, боранды таңда Астанаға келгенмін. Содан бері көп дүние өзгерді. Мен үшін осы атаулы күнде мына сахнада тұрып сіздерді құттықтау үлкен құрмет, — деп құттықтады қала әкімі Бақыт Сұлтанов.

Мерекелік концертті Astana Ballet труппасының хореографиялық қойылымы ашты. Кеште Қайрат Баекенов, Ален Самыкен, Ағайынды Жүгүнісовтер, Сара Исак, Айнұр Абдиева және басқа да эстрада әншілері өнер көрсетіп, «Жастар» театрының актерлері көрермендердің назарына «Ұлы даланың жеті қыры» театрландырылған қойылымын ұсынса, «Спарта-Номад Астана» командасы көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Бұл күн Астана үшін маңызды. Астана дамып келеді, саяси, мәдени, спорт салаларында танымал болды.  Астананы ұжымдар, ұйымдар мен кәсіпорындар танытты. Осы жылы жаңа және қарқынды дамушы Елордамыздың танылуына елеулі үлес қосқан ұжымдар мен адамдарды атап өткіміз келді, — деді Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина.

Енді «Елорда жұлдызы» сыйлығы жыл сайын табысталады.

Айта кетейік, 1997 жылдың 10 желтоқсанында ел астанасы Алматыдан Ақмола қаласына ресми түрде көшірілген еді.