Әзімбай Ғали, тарих ғылымдарының докторы:
ҚР Тұңғыш Президент күнін тойлаған дұрыс. Той деген — қашан да жақсылықтың нышаны. Тек бұл күні Президент есеп беруі керек сияқты. Дәл осы күнге дейін атқарылған шаруалар, түйіні шешілген мәселелер мен әлі күнге дейін жауабын таппаған проблемалар талқылануы керек. Әсіресе, осыған дейін шешілмей келе жатқан тіл мәселесі қозғалуы қажет. Оны бүгін көтерудің әбестігі жоқ. Өз тілімізде сайрап, ұлтымызды қорықпай ұлықтайтын уақыт жетті. Сонымен бірге 1 желтоқсан күні мемлекеттің жеткен жетістіктері де мадақталып, насихатталса деймін.
Нұртуған Өмірзақ, заңгер, «Жастар жетістігі» ҚҚ құрылтайшысы:
Бұл күн «Тұңғыш Президент күні» аталғанымен қазіргі кезеңнің ғана мерекесі болмауы керек. Оны болашақта да атап өту үшін заңға өзгеріс керек сияқты. Меніңше, жалпы Президент күнін тойлау қажет. Бұл күнді тойлағанда біз тәуелсіздік алғаннан кейінгі ғана адамдарды атамай, Қазақ хандығынан бастап ел басқарған тұлғалар туралы мектеп, тағы басқа оқу орындарында танымдық сабақтар өткізіп, жыл сайын кинофильмдер түсіруіміз керек. Мерекені тойлаудың мәні, маңызы — Президентіміздің елді қандай қиын жағдайдан алып шыққанын халық санасына сіңдіру. Оның ерлігін ата-анамыз өз көзімен көріп, жеңісті сезінсе де, еліміздің болашағы болатын жастар оны білмейді, яғни өскелең ұрпақты патриотизмге, елін сүюге тәрбиелеу керек.
Мейрамбек Таубалдиев, тележурналист, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми хатшысы:
Мен «Алматы», «Хабар» арналарында бағдарлама жүргізіп жүрген кезімде 1 желтоқсан сайын Тұңғыш Президент күніне орай түрлі қонақ шақырамыз. Сонда Тәуелсіздік жылдарынан кейінгі жастар бұл мерекені қазіргі Президенттің жеке басына байланысты мереке деп есептемейтінін түсіндім. Олар осы күнді тәуелсіздік мейрамы алдындағы дайындық мереке ретінде қабылдайды. 1991 жылы 1 желтоқсанда Президент сайлауы болды. Бұл күн — тарихи дата. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевтан басқа адам президент болуы мүмкін еді ғой. Одан кейін де басқа президент келеді. Сөйтіп, мереке әрі қарай жалғасып кете береді. Мысалы, мұндай мереке Америкада да бар, Еуропа елдерінде де бар. Президент күні, Король күні деп тойланып келе жатыр. Сол сияқты бір адамға байланысты емес, жалпы тәуелсіздік мерекесінің алдындағы дайындық ретінде есептеймін. Екіншіден, 1 желтоқсан — қыстың алғашқы күні. Жарайды, 6 шілдені Елбасының туған күні деп есептейік. Ал 1 желтоқсанда Президент күні жалпы тәуелсіз Қазақстанның мемлекет басшыларының атаулы датасы деп саналады. Бұл күнді Жұбан Молдағалиев, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов сияқты ақындардың ұлтқа рух беретін өлеңдерінен эстафеталар ұйымдастырып тойлау керек. Сонымен бірге, меніңше, бұл күннің өз символы болуы керек сияқты.