Apple Pay деген не? Оны кімдер пайдалана алады? Қазақстандықтар бұл қызмет туралы не біледі? Оның мүмкіндіктері мен артықшылықтары қандай? Baribar.kz осы сұрақтарға қолданушымен бірге жауап іздеп көрді.

Гүлзина Мәлікова — осы қызметті Қазақстанда асыға күткендердің бірі. Ол Алматыдағы сауда орталықтарының бірінде жұмыс істейді.  Кеше Apple Pay-дің қолданысқа енгенін ести сала қызметті бірден өзінің смартфонына қосқан. Сөйтіп, оны алғаш рет қолданып көрді.

Apple компаниясы Apple Pay төлем жүйесін алғаш таныстырғанда бұл технология саласындағы нағыз революция деп ойладым. Бірақ кеше смартфоныма қызметті қосып алсам да, көңілімде бір күдік тұрды. Әлі де дұрыс істемеуі мүмкін ғой деген оймен картамды өзіммен бірге алып жүрдім. Телефонымды терминалға жақындатып, саусақ ізін енгізгенде төлемнің сәтті орындалғаны туралы белгі шықты. Осы сәтте сасып қалдым да, қуанып кеттім, — дейді ол.

Гүлзина жұмысқа күнделікті метромен барып-келеді. Бұған дейін ол «Оңай» және басқа банк карталарын үйде жиі ұмытып кететін. Оған қоса, кейде қолма-қол төлейтін ақшасы болмағанда амалсыз банкоматқа жүгіретін. Ал кеше ешқандай кезекте тұрмай, қолма-қол ақшасыз және картаны да пайдаланбай метроға мінді.

Apple Pay
Гүлзина Мәлікова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Таңертең және кешке кассада кезекте тұратын адамдардың саны көп болады. Төлем картасы арқылы пойыздарға өтетін жерге жеткенде картаңды іздеп тұрып қаласың. Қызметті пайдалану арқылы дүкеннен азық-түлік алдым. Қаладағы мейрамханалардың бірінен тамақтанып та үлгердім. Өте ыңғайлы әрі тез. Енді қаптаған карта мен ақшаны қолма-қол ұстаудың қажеті жоқ. Карталарыңызды Apple Pay-ге енгізіп қойсаңыз, барлығын бір қызмет арқылы қолдана бересіз, — дейді Гүлзина.

Гүлзинаның айтуынша, оның достары мен туыстарының көбі Apple-дің құрылғыларын ұстайтын көрінеді. Сондықтан ол бұл қызметтің Қазақстанда қосылғанына қуанышты. Картаны үйде ұмытып, жоғалтып алғанда немесе қолма-қол ақша болмағанда ешқандай ыңсайсыздық тумайды.

Телефон арқылы төлем жасау — өте керемет сезім. Құрылғыны терминалға жақындатып, жай ғана бір түймені басу арқылы төлесеңіз, артық жұмыстан құтылғандай боласыз. Смартфонымның астында карта тұр деп ойласа керек,  көбі бұл әрекетімді түсінбей, таңданып жатыр, — дейді алматылық бойжеткен.

Apple Pay
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Apple Pay қызметі әзірше «Халық банкі», ForteBank және «ЦентрКредит», «АТФ», «Еуразиялық банк» және «Сбербанк» банктеріне қосылған. Төлем жүйесін iPhone SE, iPhone 6, 6 Plus, 6S, 6S Plus, iPhone 7, 7 Plus, iPhone 8, 8 Plus, iPhone X, XS, XS Max, XR үлгідегі смартфондарына және Apple Watch смарт сағаттарының барлық түріне, iPad mini 3, iPad mini 4, iPad Air 2, iPad (5-нұсқасы), iPad Pro, iPad (6-нұсқасы), iPad Pro (3-нұсқасы) планшеттеріне және MacBook ноутбуктарының 2012 жылдан кейінгі модельдеріне қосуға болады.

Бұл төлем жүйесін өзіңізге орнату үшін Apple-дің жоғарыда айтылған құрылғылары және қазақстандық екінші дәрежелі банктердің бірінен картаңыз болуы керек. Қызметті қосу үшін ешқандай банк бөлімшесіне немесе сервис орталықтарына барудың қажеті жоқ. Өз телефоныңыздан Wallet қосымшасын ашып, оған картадағы мәліметтерді енгізіп, тіркесеңіз болады.

Apple Pay
Гүлзина Мәлікова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Apple Pay —  Apple компаниясының ойлап тапқан мобильдік төлем жүйесі. Компания өзінің бұл қызметін алғаш 2014 жылдың 9 қыркүйегінде таныстырды. Ол тауарлар мен қызметтерді ешқандай төлем картасынсыз, қолма-қол ақшасыз, ұялы телефонның көмегімен төлеуге мүмкіндік береді.

Тұңғыш рет 2014 жылдың 20 қазанында АҚШ-та қолданысқа енді. Ал көрші Ресейде қызмет 2016 жылдың 4 қазанында, Украинада биыл 17 мамырда қосылды.

Кеше Қазақстанмен бірге бұл қызмет Бельгия да қолданысқа енген. Қызмет әзірше әлем бойынша 32 мемлекетте жұмыс істейді. Еуропаның кей елдерінің, мысалы, Германияның азаматтары бұл қызметті әлі күнге дейін пайдалана алмай келеді.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!