Астанада VIII Азаматтық форум барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев қарттар мен балалар үйлерін біріктіру мәселесін қарастыруды тапсырды.
Біз қартаятынымызды ешқашан ойламаймыз. Барлығымыз да қарт боламыз. Бүгін жаспыз және алдымызда мыңдаған жыл бардай көрінеді. Бұл өте жылдам өтеді, көз алдыңа елестетіп те үлгере алмайсың. Әсіресе, біздің қазақтарға ата-анасына қамқорлық жасау деген ата-бабамыздан қалған салт болатын. Қазір мен ақсақалдардың үйіне барып, қазақтың үлкен аталары мен әжелері отырғанда жаным ауырады. «Ақсақал, балаларыңыз бар ма?» — деп сұрасаң, «қайтесің», — деп теріс қарап жылайды. Сонда қалай болғаны? Сонда біз өзіміздің салтымыздан, ғұрпымыздан ажырағанымыз ба? Әке-шешемізді қарттар үйіне апарып тастап үйде қалай отырамыз? — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы батыста мұндай үйлерге қарттар сұхбаттасар серігі, көршілері, қатарластары болмағандықтан өз еркімен баратынын айтты.
Қазір қарттар үйі мен балалар үйін біріктіру туралы ұсыныс түсіп жатыр екен. Мұны да қарастырып көрген жөн болар мүмкін, — деді ҚР Президенті.