Қайыңды көлі 1910 жылы болған жойқын жер сілкінісінен соң пайда болды. Қазіргі көлдің орнында болған үлкен шұңқыр жердің қатты тербелуінің әсерінен жан-жағы бітеуленіп, алып тоғанға айналған. Алапат сел мен су тасқыны тау жынысында пайда болған алып аңғарға келіп құяды. Осылай көлдің алғашқы келбеті пайда болған. 1980 жылы дүркін-дүркін қайталанған сел ағыны мен жан-жақтан құлаған лай көшкінінің салдарынан Қайыңды көлінің ауданы біршама кішірейген.

Қайыңды
Қайыңды көлі. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қазір көлдің ұзындығы небәрі — 400 метр, тереңдігі — 21 метр. Жаз мезгілінде мұндағы ауа райының орташа температурасы 23 градус жылыны көрсетеді. Ал судың ең жоғары температурасы — 6 градус жылы.

Айдынды биік қайыңды ағаштардан тұратын шағын орман қоршап жатқан соң Қайыңды аталып кеткен. Сонымен бірге көлдің жан-жағын түгелдей тау қоршап тұр. Биік тау жоталарынан Саты шатқалы мен Шілік өзенінің ғажап сұлулығын көруге болады.

Қайыңды
Қайыңды көлі. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Осы маңнан өтіп бара жатқан жолаушының көз алдында әдемі көрініс тұрады. Суға батқан кемелерге ұқсас Тянь-Шань шыршасының діңгектері судың ішінен 15 метрге дейін көтеріліп тұр. Осы көрініс қанша уақыт өтсе де сақталып келеді.

Қайыңды
Қайыңды көлі. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қайыңдыда балық атаулы мүлдем жоқ. Сондықтан оны «Өлі көл» деп те атайды. 1930 жылы көлге мамандар бақтақ балығын жіберген. Бірақ балықтың бұл тұқымы сол кездің өзінде өмір сүріп кете алмаған. Көлдің орманды бетін қасқыр, аю, барыс сияқты жыртқыштар мен бұғы және тағы басқа тұяқты жануарлар мекендейді.

Көл маңында демалысқа арналған түрлі шатыр мен үйшік тұрғызылған. Қазір Қайыңды көлі шетелден келген туристердің де жиі тамашалайтын көрікті мекеніне айналды.

Қайыңды
Көлді тамашалауға келген туристер. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz