Әрбір жетістік үшін қуана біліңіз

Ол мейлі үлкен, мейлі кішкентай болсын, әр жетістігіңіз үшін қуаныңыз. Өзіңізді марапаттаңыз. Өйткені үлкен жетістік ұсақ-түйек жұмысты орындаудан басталады. Ол үшін өзіңізге қымбат сыйлық жасаудың қажеті жоқ. Өзіңізге жағымды болатындай етіп атап өтсеңіз немесе жай ғана ұнайтын іспен айналыссаңыз жеткілікті.

Мысалы, Mindvalley компаниясының бас директоры Вишен Лакьяни қоңырау ойлап тапқан. Әр жетістікке жеткенде немесе жағымды жаңалық естігенде қоңырауды соғып отырған және содан ләззат алған.

Идеяңызды жария етпеңіз

Ойыңызға келген идеяға қуанып тұрсыз ба? Таңертең жүгіремін деп шешім қабылдадыңыз ба? Жақында жаңа жобаны іске асыруды ойлап жүрсіз бе? Өте жақсы. Бірақ бар эмоцияңызды өзіңізде сақтаңыз. Жоспарыңызды ешкімге айтпаңыз. Жерге егілген 100 дәннің бәрі бірдей өніп шықпайтыны сияқты ойға алған жоспарыңыздың да барлығы жүзеге аса бермейді. Сондықтан әлі бастамаған ісіңізді жария етпегеніңіз жөн.

Жақсы жұмыс істеу үшін жақсылап тынығыңыз

Жақсы демалыс жақсы жұмыс істеуге көмектеседі. Бірақ демалысты тек ұйқымен өткізбеңіз. Уақытын үнемдеп, демала білетін адамдар үшін таңдау көп. Табиғат аясына шығып тынығыңыз. Балық аулаңыз. Саяхаттаңыз. Демалыс күндері театрға немесе жақсы киноға барыңыз. Осыған дейін үнемі кейінге шегеріп келген демалысты алып, жақсылап демалаңыз. Сонда жұмысқа керемет көңіл-күймен, жаңа идеямен келесіз.

Ешқашан өзіңізді өзгемен салыстырмаңыз

Істеп жатқан жұмысыңыз бен жетістіктеріңізді басқа әріптестеріңізбен немесе достарыңызбен салыстырмаңыз. Өйткені олар — мүлдем басқа адам. Қабілеті де, мүмкіндіктері де сіздікіндей емес. Кейде салыстыру да қажет, бірақ оны орнымен қолданыңыз. Олардың жетістікке жету сырына үңіліп, жақсы қасиеттерін бойыңызға сіңіріңіз. Тек оның арты қызғаныш пен көреалмаушылыққа алып келмесін.

Ұнайтын және сол арқылы ақша табуға болатын іспен айналысыңыз

Нені жақсы көретініңізді анықтап, оны жақсылап меңгеріңіз. Кез келген істе жетістікке жетуге құштарлық пен тәжірибе маңызды. Осы іс арқылы қаржы таба алатыныңызға көз жеткізіңіз. Көп нәрсені ұнатуыңыз мүмкін, бірақ оның бәрі бірдей сізге пайда әкелуі екіталай.

Орындайтын жұмысыңыздың тізімін қысқартыңыз

Жұмыстарыңыздың тізімін қысқарту сізге пайда алып келеді. Сонда қысқа тізімдегі орындалуы тиіс істерді көргенде қиналмайсыз, күйзеліске тап болмайсыз. Мүмкіндіктеріңіз де ұлғаяды.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!