Алматы облысында жиналыс азайды

Алматы облысында мемлекеттік органдар жұмысына талдау жүргізіліп, соның нәтижесінде мемлекеттік мекемелерде жиналыстардың екі есе азайғаны белгілі болды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаевтың айтуынша, облыстағы мемлекеттік органдар жұмысындағы бизнес-процестерді оңтайландыру нәтижесі шықты.

Арнайы мониторинг пен талдаудан кейін мемлекеттік органдар сұрататын ақпарат, есептердің бірыңғай тізбесі бекітілді. Нәтижесінде есептер саны 30%-ға, жоғары тұрған органдар сұраулары 45%-ға қысқарды. Қағаз түріндегі келісімдердің қайталануы жойылды. Сонымен қатар облыстағы басшылардың қатысуымен өтетін жиналыстар саны да екі есе азайған.

Серікбай Нұрғисаев облыста басшылар мен орындаушылардың арасында дисбаланс бар екенін айтты. Оңтайландыру аясында аудандық бөлімдердің саны 301-ден 200-ге дейін қысқарады. Сонымен бірге облыс бойынша басшы лауазымдардың саны 1348-ден 947-ге азайып, басшы және орындаушы лауазымдар арасындағы теңгерімсіздік төмендейді. Нәтижесінде орта есеппен бір басшыға енді бес орындаушыдан келеді. Қазіргі жағдайда облыста бір басшыға екі маманнан келіп отыр.

Оңтайландыру жұмыстары мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын өсіруге мүмкіндік береді. Облыс бойынша мемлекеттік қызметкерлерге жаңа еңбекақы төлеу жүйесі енгізілгеннен кейінгі еңбекақы қоры толық болжанып отыр. Орташа есеппен жалақы  енді 2,1 есе артады. Керекті қаржы жалпы ішкі қаржыландыру көздерінен және мемлекеттік органдардың күрделі шығындарын оңтайландыру және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмдерін қолдану арқылы бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен шығарылады.