«English for jastar» жобасы Батыс Қазақстан облысында жүзеге асуда

Жиынға БҚО-дағы «Жас Отан» жастар қанаты филиалының төраға орынбасары Ерлік Мерекеұлы Шамғалиев пен Пәкістан елінен келген «English for jastar» жобасының еріктісі Jadoon Aimal Khan қатысты.

«Жас Отан» жастар қанаты мен «Болашақ» қауымдастығының  «English for jastar»  жобасы ауыл жастарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ағылшын тілін үйренуге мүмкіндік жасау мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Батыс Қазақстан облысы бойынша ең алдымен жоба Ақжайық, Теректі, Сырым, Бөрлі, Зеленов және Тасқала аудандарында жүзеге асуда. Партиялық жобаны іске асыру үшін арнайы еріктілер тобын жасақтап отырмыз. Барлығыда Орал қаласындағы жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері. Соның ішінде екі шетел азаматы бар. Олар да ерікті ретінде біздің елге келіп, жастарға ағылшын тілін үйретуге келісім берген азаматтар. Шетелден келетін екі еріктінің бірін Тасқала және Сырым ауданына  жолдап отырмыз, – деді  Ерлік Мерекеұлы.

Осы орайда, Пәкістаннан келген Jadoon Aimal Khan аталмыш жобаның көңілінен шыққандығын және сол үшін балаларды оқытуға келісім бергенін айтып өтті.

«Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатына және «Болашақ» қауымдастығына жобаға қатысуға мүмкіндік бергені үшін алғысымды білдіргім келеді. Жоба бойынша Сырым ауданыдағы жалпы орта білім беретін мектебінде оқыту бағдарламасын интерактивті форматта жүзеге асырғалы отырмыз. Қазіргі таңда алғашқы күніміз басталды, – деді Ж.Досмұхамедов педагогикалық колледжінің студенті Ару Мусаева.