«Бәленің бәрі математикадан басталды»

Бәленің бәрі математикадан басталды. Мектепте оқушыларды екі топқа бөледі ғой. Бірі – математикаға қызығушылығы бар оқушылар болса, екіншісі – тілге икемі бар оқушылар, яғни гуманитарлар. Мен осылардың алғашқысына жатамын. Оқушы күнімде математика, жаратылыстану саласына жақын болдым. Тілге шорқақ едім. Қазір журналистерге сұхбат беру үшін сөйлеп үйреніп жүрмін (күліп).

9 сыныптан бастап Алматы қаласындағы О.Жәутіков атындағы Республикалық физика-математика мектебінде оқыдым. Математикамен қоса, бағдарламалау олимпиадаларына қатысатынмын. Әр қалада «Дарын» орталықтары жұмыс істейді. Жазғы демалысым сонда өтетін. Әр түрлі қалалардан келген білімді балалармен неше түрлі идеяларды айтып, жиі армандайтынбыз. Осылайша, арманымды ақиқатқа айналдырамын деп жүріп жақсы нәрселерге қол жеткіздім. Қазір жетістігімнің сырын сұрағандарға «бәріне математика кінәлі» деп жауап беремін. Расымен, бәленің бәрі математикадан басталды.

«Жасанды қолға 2015  жылы ғашық болдым»

Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне (ІТ университеті) оқуға түскеннен кейін ғылыммен айналысуға көп мүмкіндіктер туыды. Заманауи технологиялармен жабдықталған лаборатория қол астымызда болды. Ең алғаш жасанды қолдың нұсқасын 2015 жылы көрдім. Бір көргеннен ғашық болдым (күлді).

Алғашында бионикалық протез жасай бастағанымда әлемде аналогы бар қолды не үшін жасап жатырсың дейтіндер болды. Біздің қазақстандықтар осындай протездерді шетелден тым қымбат бағада сатып алуға мәжбүр. Көпшілігінің қалтасы көтере бермейді. Оны іздеп табуға да мүмкіндіктері аз. Сондықтан, мен қолжетімді бағада отандық өнімдер шығаруға бел будым.

Алғашында жасанды қолды тәжірибеден өткізу үшін тегін жасап бергенмін. Баланың ата-анасы менің жобам туралы естіп, хабарласқан соң жасап бердім. Жасанды қол әрбір адамға жеке дайындалады. Себебі, қолдың зақымдануы мен сезімталдығы әр түрлі болады. Бағасы да соған қарай белгіленеді.

Мәулен Бектұрғанов — MBionics компаниясының негізін салушы

Біз соңғы жаңалықтардың бәрі тек АҚШ-та бар деп ойлаймыз. Бұл қате пікір. Тіпті, АҚШ-тың өзінде жасанды бионикалық қол шығарылмайды. Әлемде жасанды қол шығаратын елдер өте аз. Германия, Ұлыбритания сияқты елдерде бар болғаны он шақты компания жұмыс істейді. Сондықтан, мені осы сала қатты қызықтырды. Алайда, шетелге шығып оқуға, үйренуге мүмкіндік болмады. Ғаламтор арқылы, тәжірибе арқылы үйрендім. Екі жыл бойы жасаған жобамның нәтижесінде MBionics компаниясы құрылды. Қазір қазақстандық нарықта атымызды қалыптастырып келеміз. Сұраныс күн санап артуда.

Енді жасанды қол жасатқысы келетін ІІІ топтағы мүгедектер шетелге бармай-ақ, отандық бионикалық протез-қолдың иесі атана алады. Біздің компания өздері өндіретін жасанды қолға кепілдік береді. Біз бірінші кезекте ақша үшін емес, ғылым мен тәжірибе үшін жұмыс істейміз.

 Жасанды қол қандай қызметтер атқара алады?

Қазір автоматты түрде басқарылатын жасанды қолдың жобасын жасап жатырмын. Себебі, бұрынғы протездерде 20 шақты функция болатын. Оларды ауыстыру және басқару өте көп уақыт алады. Бионикалық қол сенсор арқылы басқарылады. Жасанды қолдың көмегімен қолды ашып-жұмуға, білекті қозғалтуға, компьютер тышқанын басқаруға, күнделікті тұрмысқа қажет құралдарды ұстауға болады. Адамның табиғи қол атқара алатын функциялардың ең маңыздыларын атқара алады.

Болашақта жасанды көз қарашығын жасағым келеді

Ғылым бір жерде тоқтап қалмау керек. Қолға арналған бионикалық протездерді қолданысқа толықтай енгізіп болған соң, жасанды аяқ жасауды қолға алмақпын.

Қазіргі таңда жастар арасында да, ересектер арасында да көздің көру қабілеті үлкен мәселеге айналып отыр. Болашақта жасанды көз қарашығын жасап шығаруды жоспарлап отырмын.

Жетістікке жету формуласы

 Әр саланың, әр адамның формуласы әр түрлі болады. Маған қол жеткізген жетістігім емес, соған жету жолында атқарылған жұмыстарым қызықты. Адам алдына үлкен мақсат қояды. Соған қол жеткізген соң әрі қарай қайда барарын білмей қалады. Миллионерлердің көпшілігінің өмір тарихын қарасаңыз, осыны байқайсыз. Сондықтан, мақсат неғұрлым биік болған сайын, құлшыныс та, күнделікті процесс те соғұрлым қызықты болады. Оңай келген нәрсенің қадірі болмайды. Жұмыс процесінен ләззат алуға тырысу керек. Адам өзінің сүйікті ісімен айналысқанда ғана жетістікке жете алады.

«Қазақ жастарына еркін ойлау керек»

Еркін ойлауға, еркін армандауға қысылатынымыз ұнамайды. Кеңес Одағы кезінде біздің ата-аналарымыз бен ата-әжелеріміз айналасына белгілі бір көзқарас бойынша ғана қарауға мәжбүр болды. Ал қазір тәуелсіз Қазақстан жастарының ойы мен қиялы, пікіріне шек қойылмайды. Қоғамда көпшілік батыс мәдениетіне еліктеушілікті қате деп таниды. Алайда, әр нәрсенің жақсы тұстары болатынын ұмытпаған жөн. Еуропада адамдар еркін ойлайды, адамның мүмкіндігін шексіз деп бағалайды. Осының арқасында олардың экономикасы да, әлеуеті де қарыштап дамуда. Бізге де еркіндік қажет. Ой еркіндігі, пікір еркіндігі. Еш нәрседен қысылмау керек.

Бізде мектепте үлгілі оқушы болу керек, университетке грантқа түсу керек, кейін тұрақты жұмысқа орналасып, зейнетке шығу керек деген циклді әрекеттер әдетке айналған. Меніңше, жастарды бұл менталитеттен құтқару керек.

Жас ғалым — «100 жаңа есім» жобасының үміткері

«100 жаңа есім» жобасына әр түрлі саланың саңлақтары үміткер бола алады. 2017 жылдың мамыр айында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы бастау алғаның білген Мәуленнің достары ол бұл тізімге енуі керек деп өтінім жіберген екен. Жас ғалымның аты Қазақстанды әлемге таныстыратын жарқын есімдердің біріне айналары анық.