Аудиокітаптар жинақталған AudioKitap мобильді қосымшасы іске қосылды

Қолданушылар мың жарымнан аса шығарманы, оған қоса әртүрлі жастағы балаларға арналған 400-ден аса ертегіні тегін тыңдай алады. Мобильді қосымша «WikiBilim» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатқан «Қазақстанның ашық кітапханасы» (kitap.kz) жобасының негізінде «Шеврон» компаниясының қолдауымен жасалып отыр.

audio kitap

«Шеврон» корпорациясының үкіметпен және қоғаммен байланыс департаменті директорының орынбасары Жанболат Үсеновтің пікірінше, «Біздің компания өзінің мұнай-газ секторындағы негізгі қызметінен бөлек, Қазақстандағы мәдени мұраны сақтау және жандандыру, білім беруді қолдауға бағытталған көптеген әлеуметтік жобаны жүзеге асырды. Audiokitap жобасын осы тұрғыдағы инновациялық үлгі деп санауға болады».

«WikiBilim» қоғамдық қоры Президенті Әлібек Қисыбай: «Сандық дәуірде контенттің мобильді технологияларға бейімделуі аса маңызды фактор. Қазақстанда аудиоформат көмегімен білім алу мәдениетінің қалыптасу процесі өте қарқынды жүріп жатыр. Audiokitap жобасының да бұл процесте өз орны болмақ, – дейді.

Шараға, сонымен қатар аудиокітаптарды дайындауға өз үлесін қосқан диктор Бүркіт Бекмағамбетов те қатысты. Диктор балалар әдебиетінің озық үлгісі Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» повесінен үзінді оқып беріп, жиналғандардың қошаметіне бөленді. Жалпы Audioкітап жобасын дыбыстауға елімізге танымал жиырмадан астам кәсіби диктор мен әртістер қатысқан.  “Аудиокітаптарымыздың  ерекшелігі – шығармалардың толық нұсқада ұсынылуы.   Бүгінде  сайтымызды күніне 4 мыңға жуық оқырман тұтынатын болса,  айлық көрсеткішіміз 90-100 мыңға дейін жетеді.   Онлайн форматта ұсынылып отырған сайтымызды оқырман осылайша қабылдаса,  қолдануға ыңғайлы  әрі жүктеп алуға мүмкіндік беретін аудиоқосымшамыздың қолданушылары әлдеқайда көп болады деп сенеміз. Аудиокітап мобильді қосымшасы  —  білім мекемелері үшін дайын оқулық, дайын көрнекі құрал, ал жалпы оқырман үшін ыңғайлы әрі пайдалы өнім болары сөзсіз. Жаңашыл технологияларды ұтымды пайдалану, ұлт руханиятына қызмет еткізу  – әрқашан да өз жемісін береді.  Қазақстанның ашық кітапханасы жобасы – осыған бірден бір дәлел деп ойлаймыз” дейді kitap.kz жобасының бас редакторы Мақпал Жұмабай.

Бүгінде көпшілік мобильді технологияларды белсенді қолданатындығы белгілі. Ал iOS және Android операциялық жүйелері арқылы жұмыс істейтін мобильді қосымша жылдам және ыңғайлы, қолдануға  жеңіл түрде жасалған. Қосымша онлайн режимде де, офлайн режимде де қызмет көрсетеді. Кез келген қолданушы аудиокітаптардан тұратын жеке кітапхана қорын жасақтап, аудиошығарманы мобильді құрылғысында оңай сақтай алады. Негізгі мазмұн 4 категорияға (қазақ әдебиеті, шетел әдебиеті, балалар әдебиеті, ертегілер) жіктелген. Мұнда авторлар арқылы,  сондай-ақ шығарма атауы арқылы да іздеу мүмкіндігі бар. «Қазақстанның ашық кітапханасы» жүйесіне енгізілген жаңа аудиокітаптар автоматты түрде Audiokitap мобильді қосымшасына жүктеледі.