Қазіргі медиаға не қажет?

Адамзат қазір өтпелі кезеңде деп санайтындардың қатарындамын. Бірқалыпты өмір салты күйреп, ондаған, тіпті жүздеген, бәлкім, мыңдаған жыл бойы мызғымай келген дәстүр-қағидаттардың сынға түсіп, одан өткені дамыған қоғаммен алға кетіп, өтпегені жаңа режимді қабылдай алмағандардың қолында қала беретініне сенімім мол.

Адам тарихындағы басқа революциялар (агралық, өндірістік, тағы басқа) сияқты бұл дүмпудің де әсерін алғашқы болып сезініп, трансформацияға, керек десеңіз, мутацияға ұшырайтын өз салалары бар. Өз басым оның ішіне медианы да қосамын. Себебі қазіргі медиа жай ғана мамандық түсінігінің ауқымынан шығып, бүтіндей бір “дінге” айналып бара жатыр. Ол біздің қолымызда, қалтамызда, телефонымызда, миымызда, түсімізде. Ол – естеліктер сыйлаушы, жаңалық таратушы, шешімдерімізге ықпал етуші, түрлі сезім сыйлаушы.

Ескі қалып, жаңа озып жатқан осындай заманда медиаға:

  • әкімшілік тұрғысынан барынша жан-жақты болып, ауқымын арттыру керек, яғни бір редакциямен ғана шектеліп қалмай, маркетинг стратегиясын түзіп, сату бөлімінің жұмысын жолға қойып, даталармен жұмыс істейтін, деректердің растығын тексеретін, статистиканы саралайтын алуан түрлі ақпарат мамандарының көмегіне жүгіну қажет;
  • контентін, көтеретін тақырыбын, форматын тарылтып, әр нәрсенің басын бір шала беруден қашуға тырысу керек. Қанша тырыссаң да, мемлекеттік деңгейдегі алып агенттік-порталдардан асып ақпарат тарата алмайсың. Оның орнына эмоция сыйлайтын, аса түйткілді әлеуметтік мәселелерді көтеретін, адам тағдырын ашып көрсететін дүниелер жасалса, сол сұранысқа ие болады деп санаймын.

Айтпақшы. Бірінші мысал. Алдыңғы күні ғана Қытайдың “Шинхуа” мемлекеттік ақпараттық агенттігі әлемдегі алғашқы виртуалды жүргізушіні таныстырды. Бұл – тірі адамның цифрлық көшірмесі. Ол 24 сағат бойы түрлі платформада жаңалық айтып, бағдарлама жүргізе алады. Агенттік мұндай технология шығынды азайтады деп мәлімдепті. Екінші мысал. “ВКонтактеде” түрлі мемнің арасынан үшеуін таңдап алып, соларды араластырып, қосып, өзінше бір бөлек мем әзірлеп, онысын арнайы топқа жариялай алатын жасанды сана бар, яғни адамның қатысуынсыз әлдебір бағдарлама өз бетінше контент жасап, елдің көңілін көтеріп отыр. Қызық, иә?

Бүгінгі қазақ журналистикасы өліара кезеңде

Қазіргі журналистика өзінше бір аралық кезеңде жүріп жатқан сияқты. Себебі тұтынушы ретінде кереғар пікір, жұмыс стильдеріндегі қарама-қайшылықты, жүйесіздікті байқаймын. Біреулер батыс елдерінің ондаған жыл бойы табиғи түрде дамып, қалыптасқан стандарттарын бес күннің ішінде әкеліп таңа салсақ дейді, енді біреулер “ұзынынан ұзақ, көкке тұзақ” газети материалдарды интернетке әкеліп, бейімдемей қотара салады және “оны неге ел оқымайды” деп ренжиді, біреулер таза бір топтың дүниетанымын, түсінігін барша оқырманға апарып тықпалауға тырысады және тағы басқа. Бұл солай болуы керек те шығар. Интернет неғұрлым кең таралып, ақпарат алуандығы артқан сайын бірте-бірте қоғамда сол дереккөзді іріктей алатын қасиет пайда болады, мықтысын өзі дәріптеп алады, ал қажетсіздері біркүндік ресурс ретінде ұмытылады деп ойлаймын. Оған уақыт қажет.

Аудиторияның деңгейі қайтсе өспек?

Қазіргі аудитория эмоцияға әуес. Позитив болсын, негатив болсын, әйтеуір, сезімге ықпалын жүргізе алатын ақпаратты тұтынуды жақсы көреді, яғни қазір аудитория үшін жаңалық бар ма, жоқ па деген сұрақ тұрған жоқ. Сол жаңалықтың сипаты, әрленуі, берілуі маңызға ие. Жалпы, аудиторияны біртекті адамдар тобы ретінде қабылдау қате деп ойлаймын. Сіз көтеретін тақырыпты жақтыратындар бар, жақтырмайтындар бар, ол – қалыпты іс. Өз аудиторияңызды тауып, достасып, тіл табыссаңыз, жеткілікті.

Аудитория деңгейін өсіріп жіберетін, барлық аурудан ем болатын “дәрі” жоқ. Бұл процесс – кезең-кезеңімен, эволюциялық түрде жүретін дүние. Әуелі ақпарат алуандығын қамтамасыз ету керек ойлаймын. Қазір бізде контент көп. Бірақ ол бір бағытта, бір сарында, бір тақырыпта жазылады. Санаулы мәселені ары да айналдырамыз, бері де айналдырамыз. Маңызды дүниені сөз етіп жүргенімізде күмәнім жоқ. Бірақ оқырманда таңдау да болуы керек.

Қысқа жаңалық қажет пе – мінеки, қойды дұрыс союды үйренгің келе ме – мына бір видеоны қара, оффшорлардағы қаражаттың қазақстандық экономикаға қатысы туралы талдау іздедің бе – ол да бар, қазақ ұсталарының ғасырлар бұрын қолданған әдіс-тәсілдерімен танысамыз дейсің бе – келесі сілтемеге өт. Сонда аудитория жан-жақты болады, сапалы контентті іріктеуді де өзі үйреніп алады.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!