Биыл студенттік жасақтар 180 қылмысты әшкерелеуге көмектесті

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысы өтті.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында Қоғамдық даму министрлігінің «Қазақстан 2020: болашаққа жол» атты мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының жүзеге асырылу барысы жөніндегі мәліметі тыңдалды. 2018 жылғы қыркүйекте 18-29 жас аралығындағы NEET-жастарды, соның ішінде 2018 жылғы түлектерді жұмыспен қамту және әлеуметтендіру жөніндегі жол картасы бекітілді. Қазақстанда 2018 жылғы екінші тоқсанда NEET санатындағы жастар 7,7% (былтырғы осындай кезеңде 8,5%) болған. «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы аясында 312 колледжде 381 мамандық бойынша 21 мың адам білім алып жатыр.

Отырыста Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрліктерінің жастар арасындағы құқықбұзушылық пен суицидтің алдын алу жөніндегі мәліметі де тыңдалды. Соңғы 5 жыл ішінде жастар арасындағы қылмыс саны (14-29 жас аралығы) 5%-ға азайған. Еліміздің жоғары оқу орындарындағы және студенттер жатақханасындағы тәртіпті қамтамасыз ету барысында полицияға жәрдемдесетін 196 студенттік жасақ қызмет атқарады. Олар биыл 180 қылмысты әшкерелеп, 5,4 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзу жайттарын анықтады. 2017 жылы 15-17 жас мөлшеріндегі жастардың суицид көрсеткіші 36,6%-ға, өз-өзіне қол салу әрекеті 43,4%-ға азайғаны байқалған.

Отырыста Жастар саясаты жөніндегі кеңестің 2019 жылға арналған жұмыс жоспары да қаралды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында «Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» делінген еді.

Бұл басымдықтар 2019 жылы Жастар жылын өткізудің негізіне айналуға тиіс, – деді Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова.