Құпия жағдайда көз жұмған 7 басшы

Тутанхамон

Тутанхамон
©rus.delfi.lv

Британдық археолог Говард Картер 1922 жылы Хандар аймағынан Тутанхамонның қабірін тапты. Ол б.э.д. XIV ғасырда билік еткен әйгілі 18-әулеттің фараоны. Ғалымдарды Тутанхамонның 19 жылдық ғұмыры емес, сол ғұмырының неден аяқталғаны, не үшін өмірден ерте кеткені қызықтырған еді. Көп жыл өткеннен кейін, яғни 1968 жылы бұл құпия ашылды.

Тутанхамон аңға шыққанда арбаның астында қалып қойған. Фараонның денесін арнайы медициналық сканерден өткізген британдық ғалымдар осындай қорытындыға келді. Олардың мәліметінше, арба фараон денесін сол жағынан басып өткен. Салдарынан, Фараонның басына қатты соққы тиген. Сондай-ақ саркофагтан түймедақ пен гүлкекіре гүлдері шықты. Осыған байланысты сарапшылар фараон желтоқсан айының аяғында немесе қаңтарда қаза тапқан деп топшылады. Себебі аталған гүлдер наурыз айының соңы мен сәуірдің басында гүлдейді. Ал мумия жасау үшін 70 күн уақыт қажет.

Бұрындары Тутанхамонның аяқ сүйектерінің гангренасынан қаза тапқаны туралы деректер болған еді. 1968 жылғы зерттеу бұл тұжырымды жоққа шығарды. Сондай-ақ, тутанхамонның мүгедек болғандығы туралы ақпараттар бар.

III Рамзес

ІІІ Рамзес
©drevniy-egipet.ru

3 мың жыл сақталған құпия ашылды. б.э.д. 1185-1153 жылдары Ежелгі Египетті басқарған ІІІ Рамзес мойынынан алған жараның тереңдігінен қаза тапқан. Ғалымдар фараон мойнындағы жараның тым терең болғанын айтады. Зерттеу барысында жарадан кішкентай тұмар шыққан. Сарапшылардың айтуынша, Рамзестің әйелдерінің бірі – Тейе таққа өз ұлын отырғызу үшін фараонға қастандық жасаған екен.

Хатшепсут

Хатшепсут
©my-facts.ru

Хатшепсут – б.э.д. 1525-1503 жылдары Ежелгі Грекияны басқарған алғашқы фараон-әйел. Оның өлімі де ұзақ уақыт бойы құпия сақталып келген. Бонна университетінің ғалымдары ұзақ ізденістің арқасында бұл құпияны да ашты. Хатшепсут бензпиреннен уланған. (Бензпирен – пайдаланылған газдарда, темекі түтінінде, қақталған азық-түліктерде кездесетін онкогендік зат). Ғалымдар фараонның ыдысынан одан өзге пальма мен мускат майларының қосындысын да тапты. Аталған қоспаны ұзақ уақыт тұтыну Хатшепсуттың ағзасын жылдар бойы улап келген.

Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македонский)

Ескендір Зұлқарнайын
©jastar.kz

Есімі аңызға айналған қолбасшы Стикс өзенінің суына уланған.  Ескендірдің өлімін зерттеген Американдық ғалымдар осындай қорытынды шығарды.Олардың мәліметіне сүйенсек, Ескендірдің өліміне калихеамицин деген токсин шығаратын өте улы бактерия себеп болған.

Пелопоннес аралы тауларынан бастау алған бұл өзенді кезінде Мавронери, яғни «Қара су» деп те атаған. Өз уақытында гректер аталған өзенді ақирет есігі деп санаған. Себебі ежелгі гректерде сондай аңыз бар. Құдайлар адамдардан Стикс өзененің бойында ант беруді талап ететін болған. Егер олар өтірік айтса, Зевс оларға Стикс өзенінен су ішкізген. Аңыз бойынша, Стикс суын ішкен адам дауысынан айырылып, сал болып қалады. Стэнфорд университетінің ғалымы Адриэнн Мэйордың айтуынша, бұндай белгілер Ескендір Зұлқарнайында да болған. Ол дауысын жоғалтып, комаға түсіп қалған.

Ғалымдар осы уақытқа дейін Ескендір Зұлқарнайын б.э.д. 323 жылы 10 маусым күні 30 жасында ұйқы безінің қабынуы мен Ніл өзенінің батыс жағалауында тараған безгек ауруынан немесе уланудан қайтыс болған деп келген еді.

Иван Грозный

Иван Грозный
©study.com

Ғалымдар Грозныйдың өмірден қалай өткенін білу үшін 400 жыл зерттеу жүргізген. 1547-1584 жылдары Русьті басқарған патшаның өлімі оның қабірін ашып, мәйітіне химиялық-токсикологиялық сараптама жүргізгенде ғана белгілі болды. Иван Грозный  мен оның ұлының денесінен сынаптың қалыпты жағдайдан 5 есе көп мөлшері табылды. Грозныйдың тұсында сынап сифилис ауруын емдеу үшін қолданылған жалғыз зат болған. Осының бәрін ескере келе, ғалымдар Иван Грозный сынапты асыра қолданудың салдарынан уланған деп мәлімдеді. Нәтижесінде патшада психикалық көтерілу, қорқу, үрей, күдікшілдік белгілері пайда болған.

Наполеон

Наполеон Бонапарт
©Andrea Appiani студиосы

Наполеон мышьякқа уланбаған. Базель университетінің ғалымдары мышьяк туралы тұжырымды жоққа шығарды. Швейцария, АҚШ, Канададан жиналған ғалымдар тобы француз қолбасшысының өлімін зерттей келе, оның асқазан ісігінің асқынуынан қаза тапқынын анықтады. Бұл қауіпті ісік атадан балаға берілген. Бонапарттың әкесі де асқазан ісігінен қайтыс болған екен.

Цзай Тянь

Цзяй Тянь
©liveinternet.ru

Маньчжур әулетінен шыққан тоғызыншы император мышьяктан уланған. Бұл тұжырымды Қытай атомдық энергия институты ғалымдары мен құқық қорғау органдары қызметкерлері мәлімдеді. Олар император мәйітін зерттей келе, оның шашынан, сүйегінен, киімінен мышьяктың қалыпты жағдайдан 1000 есе көп мөлшерін тапқан. Ғалымдардың айтуынша, императордың «100 күндік реформасы» оның түбіне жетуге себеп болған. Өйткені, Цзай Тяннің өгей анасы аталған реформаларға қарсы болғандықтан, оны улап өлтірген. Осы уақытқа дейін жарияланған ресми деректерде тоғызыншы император 1908 жылдың 14 қарашасында қатты науқастан көз жұмғандығы айтылған. Алайда, бүгінгі күні улану туралы нұсқа басымдық танытып тұр.

Материал «Собеседник» журналының шолуы негізінде әзірленді.