Қалыңмал дегеніміз не?

«Қалыңмал» деп ұзатылар қыздың жасауына кіретін төсек-орын, кілем, текемет, сырмақ, әшекей бұйымдары, сәукеле, орамал, бүрмелі көйлек, етік, камзол, кәмшат бөрік және әйелге қажетті басқа да заттарды дайындау үшін берілетін төрт түлік мал мен әртүрлі бағалы дүниені айтамыз.

Келін, үйлену, салт
Фото: Comode.kz

Бүгінде қалыңмал ескі мазмұнын сақтағанымен заман талабына сай біршама өзгеріске ұшыраған. Қалыңмал  үрдісін  жоғалтпаған өңірлерде үй жабдығына кіретін жиһаздар, тұрмыстық-техникалық құрылғылар, ыдыс-аяқ және басқа да бұйымдарды әзірлеу үшін қалыңмал төленеді.

Тәуке хан. Фото: inform.kz

Қалыңмал ұғымы қашан пайда болды?

Әз  Тәукенің  «Жеті  Жарғы»  заңында қалыңмал  өлшемі  әлеуметтік  топтардың  дәрежесіне қарай  белгіленген.  Мысалы,  «Бас  жақсы»,  «Жетпіс жеті»,  «Қырық  жеті»,  «Отыз  жеті»,  «Жиырма  жеті», «Он  жеті»,  «Дөңгелек  қалыңмал»,  сондай-ақ,  ілу, іргебасар, тонбау, сүт ақы, той мал, өлі-тірі, кәде, жеңге көйлек, киіт, шашсипатар, ошаққазар, бозапұл,  тағы басқа  жоралғылар  болған.

  • «Бас  жақсы» қалыңмалын төлеу көбінесе дәулеті шалқыған ауқатты отбасылардың арасында орындалатын болған;
  • «Қырық жеті», «Отыз жеті», «Жиырма жеті», «Он жеті» өлшеміне қара мал саны кірген. «Дөңгелек қалыңмалға» он бас қара мал кірген. Бұл – әлеуметтік жағдайы өте төмен отбасылардың арасындағы қалыңмал өлшемі  саналған.

ХХ ғасырдың басында жазылған алғашқы романдардың басты тақырыбы — қазақ қызының бас бостандығы, әйел теңсіздігі, қалыңмалға сатылған қыздардың қаралы тағдыры болды. Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романы, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» романдары қалың малға сатылған қыздардың тағдырын тамаша көрсете білген.

Түйемұрындық, келін түсіру
Фото: Jasqazaq.kz

Қазақ дәстүрінде қалыңмал саналмағанымен, қалыңмалдың ажырамас бөлігі ретінде қарастырылатын кәделер бар:

  • Ілу  –  күйеу  жігіт  қалыңдығына  алғаш рет барғанында күтіп алып, қызмет қылған қайын жұртына беретін сыйлық;
  • Іргебасар – күйеу жігіттің қайын жұртына алғаш барғанында кілем жабуы немесе шашу беруі;
  • Әкенің күші – күйеу жігіттің әке-шешесі бас құдаға қызды дүниеге әкеп, өсіргені үшін беретін қылқұйрық немесе ақша;
  • Сүтақы – күйеу жігіттің әке-шешесі бас құдағиға немесе  сүт  анасына  қызға  сүт  емізгені  үшін  беретін сыйлық немесе ақша;
  • Той  мал  –  қалыңдықтың  ұзату  тойына  апаратын мал;
  • Кәде  –  күйеу  жігіттің  қайын  жұртына  барғанда беретін  түрлі  сыйлықтары.
Келін
Фото: Еl.kz

Шариғат бұған не дейді?

«…оларға некелесу шартымен тиісті малын төлеңдер» («Ниса» сүресі, 24-аят).

Мәһір — некелесу барысында немесе кейін өтеу шартымен келісілген қалыңдыққа берілетін дүние-мүлік немесе ақша. Ол — әйелдің тәуелсіз мүлкі.

«Әйелдердің мәһрлерін ықыласпен беріңдер. Егер әйелдер өз еріктерімен сендерге мәһрдің бір бөлігін берсе, одан сіңімді түрде жеңдер» ( «Ниса” сүресі, 4-аят).

Ал қалыңмал қыздың ата-анасына беріледі. Қалыңмал ретіндегі ақшаға ата-анасы қыздың жасауын, яки қажетті заттарын алуға қолданса, оны «Мәһір» деп қарауға болады.

Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындаған.