Арал — Қызылорда облысындағы Арал ауданының әкімшілік орталығы. Бұл қаланың атақ-даңқы балық шаруашылығы өркендеуімен тығыз байланысты. Мұнда төрт бірдей әскери жабық қалашық қоныс тепкен еді. Ал 90-жылдары Арал теңізі деңгейі төмендеп, содан бері экологиялық апатты аймаққа айналған.
Қала 1817 жылдан бастап жақын жердегі Алтықұдық кенті негізінде қалыптасқан. Дегенмен бұл аймақтың ежелден түркі халқына құтты қоныс болғаны тарихтан белгілі. Оғыздардың астанасы болған Жанкент, сақтар мекені Шірік Рабат, ұланғайыр аумақты алып жатқан Жетіасар кешені Арал теңізі бойында тамаша өркениет пен үлкен мәдениет қалыптасқанынан хабар береді. Өңір таланттарға да кенде емес. Аралда ақын Қазанғап Тілепбергенұлы, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов, ұшқыш, Кеңес одағының батыры Валерий Очиров, ақын әрі жазушы Зейнолла Шүкіров сияқты танымал тұлғалар туып-өсіп, түлеп шыққан.
Қала тарихы 1899-1905 жылдары басталған Орынбор-Ташкент теміржолының салынуымен тығыз байланысты. Арал жері 1917 жылға дейін Түркістан генерал-губернаторлығы Сырдария облысындағы Қазалы уезінің құрамында болған. Төңкерістен кейін станция кент мәртебесіне ие болып, Арал ауданының орталығы болды.
Арал теңізіндегі өнеркәсіптік балық шаруашылығы 1905 жылы Лапшин, Риткин, Красильников, Макеев сияқты Ресей көпестерінің балықшылар одағын және «Хива» акционерлік қоғамын құрғаннан басталған. Кеме жасайтын шеберханалар, өнеркәсіптік комбинат және асфальт зауыты жұмыс істей бастаған.
1919 жылы қалаға генерал Белов бастаған Колчактың оңтүстік әскері келіп тоқтайды. Оларға Жалғызағаш және №68 (қазіргі Шырғанақ) разъездер аралығындағы Қызыл әскер қарсы шығады. Қызыл әскер мінген «Хан Хивинский» және «Түркістандық» кемелері теңіз шығанағына келіп тоқтап, су толтырылған теміржол цистерналарына оқ жаудырады да, соның салдарынан Колчак әскері сусыз қырылып қалады.
1921 жылғы 7 қазанда Ленин балықшыларға ашық хат жазып, жұмыс революциясына күш жинау үшін балық беруге үндейді. Желтоқсан айында аралдықтар 14 вагон балық үлестірген.
1930 жылы қала Қызылорда облысы Арал ауданының әкімшілік орталығы болып аталды да, 1938 жылы қала мәртебесіне ие болады. 70-жылдары аймақ экономикасы көтерілгенмен Арал теңізі деңгейі төмендеген кезден бастап аймақтың да дамуы құлдырай бастады. 90-жылдардан бастап қала «Арал маңы экологиялық апатты аймағына» енді.
2005 жылы Арал теңізінің солтүстік бөлігінің су деңгейі жаңа тоған арқылы көтеріле бастады. Бүгінгі таңда теңіздің тереңдігі 42 метрге жетеді. Онда ұзындығы жарты метр болатын ақбалық, тұқы, жайын, сазан және көксерке секілді балық түрлері тіршілік етеді.
Кеңес Одағы кезінде Арал ауданында төрт жабық әскери қалашық болған: оңтүстігінде «Бархан» биохимиялық полигонымен байланысты Арал-5 («Орал»), қаланың солтүстік-батысында зымыран әскерімен байланысты Арал-6 («Чайка») және авиациялық эскадрильямен байланысты Арал-8 («Берёзка»), Возрождение аралында Арал-7 деген Қантүбек әскери қалашықтары. 1992-1993 жылдары полигон таратылып, қалашықтар бұзылды, тұрғындар оларды құрылыс материалдарына айналдырды.
Аралдың ландшафы кішігірім төбелерден тұратын дала болып келеді. Олардың биіктігі — 55-71 метр аралығында. Жердің шығыс ауданын 5-25 метр құмды тізбектерден тұратын шөлді аймақ алып жатыр. Төменгі жазығы тақыр.
Тартылып жатқан кішігірім өзендер еріген қар суымен, жауын суымен толығып отырады. Оңтүстікте Үлкен Сарышығанақ — Арал теңізінің суы тартылған шығанағы орналасқан.
Аралдың климаты шұғыл континентті және қуаң. Жылына 130 миллиметр жауын-шашын жауады. Аймақта температура айтарлықтай жиі құбылады. Қыста орташа температура 10 градус аязға жетеді. Жазда шаң жиі көтеріліп, боран соғады, орташа температура 35 градус ыстық болады.
Жер қыртысының көп бөлігін жантақ (түйетікен) басып жатыр. Ауданда шөлді және жартылай шөлді аймаққа тән бетеге, ермен, жыңғыл және жүзген өседі. Ал қалада қарағаш көп.
Бүгінгі таңда Аралдағы өнеркәсіп пен балық шаруашылығы жанданып келеді. Қаланың негізгі өндірісі — қайық жасау кәсібі мен «Камбала Балық» және «Атамекен Холдинг» балық өңдеу зауыттары.