Садық Шер-Нияз, «Атамекен» байқауы қазылар алқасының төрағасы, қырғыз режиссеры:

Шәкен Айманов халықаралық кинофестиваліне түркі елдері киносының қатысып жатқанына өте қуаныштымын. 3 рет кинофестиваль ұйымдастырған мен де түркі фильмдерін біріктіруді армандағанмын. Кең далада өмір сүріп, ұлы өнердің құдіретіне бас иіп өткен халықпыз. Ұлықбек, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашғари, Омар Хайям, Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов сияқты даналарымызды ұмытып кетіп жатамыз. Себебі біздің өнер басқа да әлемдік өнермен араласып жатыр. Ал негізі түркі елдерінің өзіне тән өнері ұшан-теңіз.

Ең бастысы — түркі елдері фильмдерінің конкурсқа қатысуы. Көрермен бұл фильмдерді өзінше қабылдайды. Маған кез келген фильмдегі астарлы диалогтар ұнайды. Оператордың оқиғаны әлі ешкім көрсетпеген ракурстан беруі, режиссердың оқиғаға мүлде басқа қырынан, бөлек оймен қарауы ұнайды. Тіпті, тәжірибелі режиссердан жас режиссер озып шығуы мүмкін. Осындай мамандарға қарап біз үйренеміз, өз туындыларымызда одан асып түсіруді ойлап тұрамыз. Сондықтан бұл фестиваль үлкен тәжірибе болмақ.

Қырғыз режиссеры Садық Шер-Нияз
Садық Шер-Нияз. Фото: Кинофестивальдің баспасөз қызметі

Мен кез келген фильм түсіретін адамды сыйлаймын. Жастар попкорн фильмдерге барады. Демек, режиссер көрерменді шақыратын бірнәрсе ойлап тапқан шығар. Біз фильм түсіретін кез келген адамды сыйлауымыз керек. Фильмдерді коммерциялық, авторлық және тағы басқа деп бөлмегеніміз дұрыс. Қырғызстанда халықтың кино дегеннің не екенін ұмытып қалған кезі болды. Адамдар кинотеатрға баруға қорыққан заман болды. Бірақ киноны жақсы көретін, кинотеатрдан қалмайтын адамдардың арқасында кинематограф тірілгендей болды. Осылайша қазір біз әлемдік киноға шыға аламыз. Тіпті, көрермен киноға талғаммен қарайтын болған. Олар шығып жатқан кез келген фильмге бара бермейді. Сонымен қатар біз қазақ кинематографының күннен күнге дамып жатқанына да қуаныштымыз. Ермек Тұрсынов, Дәріжан Өмірбаев, Эмир Байғазин сияқты көптеген режиссердың барына қуанамыз. Біз түркі елдерінің өзіне тән киносы барын мақтан тұтуымыз керек.

Борис Шульман, қазылар алқасының мүшесі:

Фестивальге қатысудың өзі — үлкен еңбек. Фильмнің кинотеатрға келген көрерменге ұнауының өзі — белгілі бір деңгейде күрес. Көрерменнің фильмді қабылдауы режиссердың шектеулі қабілетімен өлшенбеуі керек. Мен фильмді көріп, баға бергенде өзімді қарапайым көрермен ретінде ұстаймын. Мен режиссер да, продюсер да емеспін. Бірақ көріп отырған фильмнің шектеулерден алыс болғанын бағалаймын.

Борис Шульман
Борис Шульман. Фото: Кинофестивальдің баспасөз қызметі

Катаюн Беглари, «Атамекен» байқауының қазылар алқасының мүшесі:

Жалпы, фильмді сынау өте қиын. Себебі ол режиссердың кішкентай сәбиі сияқты. Бірақ мен кино туралы Иран режиссеры Аббас Киаростамиден көп нәрсе үйрендім. Ол бірде «Бастысы көріп тұрғаның емес, қалай көріп тұрғаның» деп айтып еді. Мен өзіне байлап қоятын фильмдерді ұнатпаймын. Керісінше, фильмнің ортасында ұйықтап қалып, сосын оянып, қайта жалғастырып көретін фильмдерді ұнатамын. Бірақ мен фильмді мына үш критерий бойынша бағалаймын. Біріншіден, режиссердың белгілі бір оқиғаны жаңаша түрде түсіндіруі, екіншіден, оқиға жаңа бір құбылысқа жол ашып, әрі қарай өрлей түсуі, көрерменге ой салуы,  үшіншіден сапалы өңделуі.

"Ата-бабалар мекені" байқауының қазылар алқасы
«Ата-бабалар мекені» байқауының қазылар алқасы. Фото: Кинофестиваль баспасөз қызметі

Ермек Тұрсынов, Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы:

Түркі елдері фильмдері қай жағынан қарасаң да, әртүрлі. Себебі әр ұлттың өзіне тән өмір сүру тәртібі бар. Біз бұл тақырыпты бекер қозғаған жоқпыз. Иә, профессионалдар арасында түркі елдерінің режиссерлары, сценаристері, кинематографистері мойындалады, оларды таниды. Бірақ әр елде ұйымдастырылатын кинофестивальдерде түркі фильмдері бұрын-соңды бұлай бірікпеді. Біз бұл жолы түркі елдерінің туындыларын танытқымыз келеді.

Ермек Тұрсынов
Ермек Тұрсынов. Фото: Кинофестиваль баспасөз қызметі

XIV Шәкен Айманов халықаралық кинофестивалінің ашылу салтанаты 17 қарашада М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өтті. Оған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты.

Құрметті қонақтар, XIV Шәкен Айманов халықаралық кинофестивалі құтты болсын! Біріншіден, осындай кинофестивальді ұйымдастырып жатқан еліміздің мақтанышы Асанәлі ағамызға алғысымды білдіремін. Екіншіден, Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы Ермек Тұрсыновқа, Алматы әкімдігіне рахметімді айтамын. Асанәлі Әшімов өмір бойы Шәкен Айманов есімінің биікте, лайық орында болуын қадағалап келеді. Бұл кинофестиваль көптеген себеппен тоқтап қалса да, Асанәлі аға жалғастыру үшін барын салады. Бүгін фестивальдің ашылу салтанаты М.Әуезов атындағы театрда болып жатқаны бекер емес. Шәкен Айманов еңбек жолының алғашқы 20 жылын осы театрға арнағанын бәріміз білеміз, — деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Арыстанбек Мұхамедиұлы
Арыстанбек Мұхамедиұлы. Фото: Кинофестивальдің баспасөз қызметі

Фестиваль Алматының бұрынғы мәдени өміріне қайта апарғандай болды. Шараға Шәкен Аймановтың көзін көрген актерлар, режиссерлар, сценаристер жиналды. Кинофестивальге шетелдік танымал мамандар арнайы шақыртылған. Олар қызыл кілеммен жүріп өтіп, үлкен залда фестивальге қатысушылардың туындыларымен танысты.

Шәкен Айманов кинофестивалі Алматыда 17 қарашада басталып, 21 қарашада жабылады. Кинофестивальдің конкурстық бағдарламасы үш жеке бөлімнен тұрады. Бөлімдердің әрқайсысына Шәкен Айманов картиналарының атауы берілген. «Тоғысу» деп аталған бөлімде көрермен әлемдік фильмдерді тамашаласа, «Атамекен» бөлімі түркі халықтарының фильмдеріне арналған. Ал отандық фильмдер «Біз осында тұрамыз» деген атпен байқауға қатысады. Үздік туындыларға Қазақстан кинематографистері одағы атынан ұлттық «Құлагер» жүлдесі беріледі.

Фестиваль күндері Алматыдағы Kinopark 11 (Esentai Mall) және Kinoplexx Sary Arka кинотеатрларында картиналар тегін көрсетіледі. Көрсетілімдер кестесін кинофестиваль сайтынан біле аласыздар.