ХІV Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалі өтеді

Фестивальдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, шара аясында әлемдік кинематографиядағы таңдаулы туындылар көрсетіліп, дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген кинематографистер бас қосады. Отандық киноөндіріс саласының үлгілеріне дайындалған арнайы бағдарлама да бар. Қазақстан Кинематографистер одағы ұйымдастырушы ретінде бұл жолы түркітілдес мемлекеттердің киноларына баса назар аудармақшы.

Шәкен Айманов ХКФ — «Шәкен жұлдыздары» фестивалінің заңды жалғасы. Көпшіліктің есінде ол жас дебютанттардың туындыларын қарайтын фестиваль ретінде қалды. Жастарға бағыт-бағдар беріп, оларды қолдап, жаңа есімдердің танылуына көп үлес қосқан бұрынғы кинофестивальдің ауқымы шектеулі болатын. Уақыт өте келе фестиваль құлашын жайып жатыр. Биыл ол мүлдем жаңа форматта болады. Жаңарған кинофестивальдің концептуал идеясы — Орталық Азияның жүрегі Қазақстанда түркі әлемі кинематографистерінің басын біріктіру. Тарихқа көз жүгіртсек, түбі бір түркітілдес халықтар арасында мәдени байланыстың тамыры ықылым замандардан жалғасып келеді. Сондықтан бұл жалғастықты жаңа деңгейге көтере отырып, қайта жандандыру — уақыт талабы.

Шәкен Айманов халықаралық кинофестивалі киноөндіріс саласында халықаралық байланыстарды дамытып, ынтымақтастықтың тиімді механизмдерін жолға қоюды көздейді. Ауқымды мәдени шара аясында шығармашылық кездесулер, дөңгелек үстелдер, конференциялар, шеберлік дәрістер ұйымдыстырылып, оған әлемдік киноматография саласында өз орны бар талант иелері қатысады.

Фестивальдің президенті КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов, бас директоры  -қазақстандық танымал кинорежиссер, Қазақстан Кинематографистер одағының төрағасы Ермек Тұрсынов.

Мұндай кинофестивальдер халыққа өте керек. Өйткені кино өнері — ең біріншіден халықтың еншісіндегі дүние. Кинофестивальді жоғары деңгейде абыроймен ұйымдастыратынымызға сенімім мол. Бұл қазақ киносының тарихын, оның мәртебесін көтеріп, бізге өз ұстанымы бар ел болудың жолын нұсқайды, — деді Асанәлі Әшімов.

Халықаралық кинофестивальдің конкурстық бағдарламасы үш бөлімнен тұрады. Оларға Шәкен Аймановтың картиналарының атаулары берілген. Мысалы, «Тоғысу» бөлімінде көрермен дүниежүзіне танымал толықметражды картиналарды көріп, тамашалай алады. «Атамекен» — бұл түркі халықтары фильмдерінің байқауы, ал «Біз осында тұрамыз» бөлімінде қазақстандық киноленталар қаралып, үздік туындыларға Қазақстан Кинематографистер одағының «Құлагер» ұлттық премиясы беріледі.

Біздің мақсатымыз — саналы көрерменді қайтару. Біз оған қолындағы попкорнын ұмытып кететіндей кино көрсетуіміз керек. Көрерменнің талғамына аяқасты қарамай, онымен сапалы кинотілде сөйлескеніміз абзал. Мен шынайы өнер деп айтуға тұрарлық нағыз киноны меңзеп тұрмын, — деді Ермек Тұрсынов.

Көрермендерге арналған конкурстан тыс бағдарламаның ауқымы кең. Онда дүниежүзіне танымал классикалық киноленталардан бастап ірі халықаралық кинофестивальдердің жүлдегерлеріне дейін кездеседі. Сонымен қатар қазақстандық және шетелдік киномайталмандардың  қатысуымен олардың ретроспективасы көрсетіледі.