Қазақстан қаржыгерлерінің VIII конгресінің сессиясында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев банктерді жаңа жағдайларға бейімдеу жөніндегі жұмыс күшейгенін айтты. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Біз банктерді жаңа жағдайларға бейімдеу бойынша жұмысты күшейттік, себебі экономиканың қалыпты жұмыс істеуі қаржы институттары сенімді болған кезде ғана ықтимал, — деді Данияр Ақышев.
Ол Ұлттық банктің 2 жылда 5 банктен лицензияларды қайтарып алғанын атап өтті.
Себептері — төмен корпоративтік стандарттар және тәуекелдерді басқарудың әлсіз жүйелері, сонымен бірге біле тұра қайтарылмайтын қарыздарды тұлғаларға жаппай беру және қаржылық есептілікті қасақана бұрмалау. Бұл нарықтан шығарылған қаржы құралдарының осалдығының негізгі тізбесі, — деп хабарлады Ұлттық банк төрағасы.
Данияр Ақышев жүйе құраушы банк — «Қазкоммерцбанкті» қалыпқа келтіру және оны кейін «Халық банкімен» біріктіру бойынша шаралар қабылданғанын, осының нәтижесінде ішкі нарықта ғана емес, сонымен қатар ТМД кеңістігінде де бәсекеге қабілетті ойыншы пайда болғанын атап өтті.
Қазақстан Ұлттық банкі банк секторының қаржылық орнықтылығын арттырудың кешенді бағдарламасын іске асырды. Басты мақсат — банк секторын банктердің акционерлерінің қаражатын белсенді түрде тарта отырып қалыпқа келтіру, — деді ол.
Ұлттық банк басшысы жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша реттелген қарыздар түрінде мемлекеттік қолдаудың орнына банк акционерлері жуық арадағы 4 жыл ішінде барлық жинақталған проблемалық кредитті толық есептен шығара отырып қаржы институттарын үстеме капиталдандыру бойынша пара-пар міндеттемелер алғанын атап өтті.
Банк секторын қалыпқа келтіру бірнеше жылдық тұралаудан кейін кредиттеуді жандандыруға ықпал етеді. Қалыпты жұмыс істейтін банктердің экономиканы кредиттеу көлемі жылдық көрсеткіште 7%-ға ұлғайды. Біз бұл процесс серпінінің күшеюін күтеміз, себебі бұл үшін көп жағдай жасалды, — деді Ұлттық банк төрағасы.
Данияр Ақышев мерзімінен бұрын алу үшін заңнамалық тұрғыдан шектелген жинақ салымдары енгізілгенін айтты. Бұл жаңа құрал, бір жағынан, салымшылар үшін неғұрлым тиімді мөлшерлемені және кепілдік жүйесімен өтеу мөлшерін қамтамасыз етеді, екінші жағынан, банктерді қорландырудың неғұрлым сенімді базасымен қамтамасыз етеді.
Данияр Ақышев халықтың салымдары бойынша ең жоғары мөлшерлемелерді белгілеудің тетігі жетілдірілгенін айтты.
Салымдардың барлық түрі үшін бірыңғай мөлшерлеме деңгейінің орнына осы жылғы 1 қазаннан бастап ең жоғары мөлшерлемелер салымның мерзімдері, түрлері, сонымен бірге толықтыру құқығы бойынша жіктеледі. Бұл шаралар ұзақ мерзімді сегментте ақша трансмиссиясының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, — деді ол.
Ұлттық банк төрағасы Мемлекет басшысының «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» атты әлеуметтік бастамасын орындау үшін «7-20-25» бағдарламасы іске асырылып жатқанын еске салды.
Бағдарлама 20% бастапқы жарнамен 25 жылға жылдық 7% мөлшерлемемен кредит алу мүмкіндігін береді. Әлеуметтік функциясынан басқа, «7-20-25» бағдарламасы кредиттеуді және қор нарығын дамытуға ықпал етеді, — деді Данияр Ақышев.
Ипотекалық қарыздарды секьюритилендіру қағидаты банктерге «Баспана» ипотекалық ұйымы қарыздарының пулдарын кез келген уақытта сатуға мүмкіндік береді, осылайша кредиттік белсенділіктің серпінін сақтау үшін өтімділік пен капиталды босатуға жағдай жасайды. «Баспана» ұйымы қор нарығына облигациялар шығару арқылы қаражат тартады.
Осылайша банк секторын — экономиканы қорландырудың негізгі инфрақұрылымын қалыпқа келтіру және оның белсенділігін арттыру сатысында тұрмыз, — деді Ұлттық банк төрағасы.
Данияр Ақышев банктердің жоғары тәуекелді саясаты бар жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін, сонымен бірге реттеу және қадағалау мандатын күшейту шеңберінде Ұлттық банктің 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қадағалау процесіне тәуекелге бағдарланған тәсілді енгізетінін атап өтті.