Зейнетақыны «Қазкоммерцбанк» шотымен алушылар басқа шот ашуы керек пе?

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ зейнетақы төлемдерін «Қазкоммерцбанк» АҚ-дан алушы клиенттерге арнап мәлімдеме жасады.

«БЖЗҚ» АҚ «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ға қосылу арқылы «Қазкоммерцбанк» АҚ-ның ерікті қайта құрылуына байланысты «Қазкоммерцбанк» АҚ және «Қазақстан Халық банк» АҚ банк шоттарын біріктіру жұмыстарының жүргізілгенін хабарлайды. «Қазкоммерцбанк» АҚ ағымдағы/карталық шоттарына «БЖЗҚ» АҚ-дан зейнетақы төлемдерін алушыларға жаңа банк шотын ашу үшін «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ға жүгінудің қажеті жоқ», — делінген хабарламада.

БЖЗҚ мамандарының мәліметінше, сонымен бірге «Қазкоммерцбанк» АҚ-да ашылған карта шоттары қолдану мерзімі аяқталғанға дейін жарамды бола береді.

Еске салайық, қазір «Қазкоммерцбанк» АҚ (Qazkom) және «Халық банкі» АҚ (HalykBank) жұмысы біріктіріліп, ерікті қайта құрылу негізінде банк бөлімшелері оңтайластырылып жатыр.