13-16 қараша аралығында өтетін жарысқа Қазақстанның 14 облысынан және Астана, Алматы мен Шымкенттен келген 437 спортшы қатысады. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жарысты ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен ҚР Дзюдо федерациясының президенті Қайрат Қожамжаров ашып, спортшыларға сәттілік тіледі.
ҚР дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Житкеевтің айтуынша, биылға Қазақстан чемпионатына танымал дзюдошылар, атап айтқанда, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Рустам Ибраев, жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Жанболат Бақбергенов пен Бауыржан Нарбаев, Гран-при сериясының чемпионы Ғұсман Қырғызбаев, Жансай Смағұлов пен Ислам Бозбаев, Азия ойындарының қола жүлдегері Елдос Жұмақанов, Гран-при әлемдік кезеңінің жүлдегері Виктор Демьяненко және Бекәділ Шаймерденов қатысады.
Дзюдо Шымкент, Түркістан, Алматы және Қарағанды облыстарында жақсы дамып жатыр. Ақтөбе, Атырау, БҚО, Павлодар облыстарында спорттың осы түріне адамдардың қызығушылығы артқан.
Қазақстан ерлер құрама командасының бас жаттықтырушысы Айдын Смағұлов журналистердің сұрағына жауап бере келе дзюдоның Шымкентте, Түркістан, Алматы және Қарағанды облыстарында тез дамып жатқанын айтты. Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында да спорттың осы түріне қызығушылық арта түскен.
Ал Астананың дзюдо федерациясының президенті Данияр Есиннің айтуынша, дзюдо Астанада да қарқынды дамып келеді. Қазіргі уақытта қалада 100-ден астам дзюдо секциясы жұмыс істейді. 2019 жылы тағы да 85 секция ашылады деп жоспарланып отыр.