Президент Жолдауы: Арыстанбек Мұхамедиұлы Алматы облысына барды

Министр Жолдау аясында Алакөл аймағының туристік әлеуетін арттыру туралы айтты.

Арыстанбек Мұхамедиұлы
Фото: А.Нұршанов

Елбасының “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауының бағыттары мен негізгі міндеттерін түсіндіру мақсатында Талдықорғанға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы келді.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, министр ең әуелі жаңа драма театры ғимаратына барды. Заманауи бағыттағы өнер ордасының еліміздегі теңдесі жоқ сәулетті нысандар қатарына жататынын айтып, ізгі ниетін білдірді. Одан кейін Салтанат сарайында облыстық басқармалар мен мекеме басшылары, спорт жаттықтырушылары, мәдениет саласының қызметкерлері, Индонезияда өткен Азия ойындарында самбодан алтынға қол жеткізген Ділдәш Күрішбаева сияқты спортшылар қатысқан жиынға қатысты. Шараны жүргізген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өңірдегі экономика, құрылыс, ауыл шаруашылығы  салаларында атқарылып жатқан игі істер жөнінде баяндады.

Жолдауды жетісулықтар үлкен ықыласпен тыңдап, танысты. Оны жан-жақты талқылап, қазіргі таңда іске асырылуына кірістік. Биылғы Жолдау – осыған дейін жүзеге асырылып жатқан стратегиялық бастамалардың заңды жалғасы. Өздеріңізге белгілі, әлемдегі экономикалық және саяси жағдай күн сайын өзгеріп келеді. Бұл ретте Елбасы Жолдауындағы негізгі басымдықтар халқымыздың әл-ауқатын, тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған, – деді облыс әкімі.

Арыстанбек Мұхамедиұлы Президент Жолдауында айтылған міндеттердің өзектілігі туралы айтты.

Қазіргі таңда елімізді дүниежүзі таниды. Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында біз өз мақсатымыздың биік межесін бағындырдық. Жаһандану заманында көш бастаған 50 мемлекеттің қатарына ендік. Қашан да халқымыздың әл-ауқаты, тұрмыс сапасы жақсы болуы керек. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауын осы мақсатта жариялады, – деді министр.

Ол спорт пен мәдениет саласындағы биік белестер мен Алакөл аймағының туристік әлеуеті туралы баяндады. Президент бұл аймақты одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма жүктеп отыр.

Облыстық “Жетісу” телеарнасының басшысы Бейсен Құранбек өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтты.

Қала көрікті болса, халықтың қуаттылығын, дала дарқан болса, елдің берекесін білдіреді. Жетісуда мұның екеуі де бар. Сәулетті нысандар бой көтеріп, тотыдай таранған Талдықорғанның көркі көз тартарлық. Даланың тірлігі оңды, қант қызылшасын өндіруде рекордтық көрсеткіш көрсеттік. Ақсу мен Көксу қант зауытында қызылша тиелген көліктер қазіргі таңда кезекте тұр. Бұл диқандардың еңбегі, молшылықтың белгісін айғақтайды деп есептейміз. Ауыл шаруашылығынан басқа салалар да қарқынды дамыған. Елбасының соңғы келген сапарында міндеттеген тапсырмасының барлығы жүзеге асып жатыр. Мұның бәрі – Жетісу жерінде Президенттің идеясы төңірегіне топтасып, қоғамдық келісім мен ұлтаралық жарастықты сақтап, айрандай ұйып, берекелі тірлік кешіп отырғандығымыздың жемісі, – деді ол.

Облыстық Олимпиада резервін дайындау орталығының директоры, еркін күрестен тұңғыш Олимпиада жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Мәулен Мамыров та Президент Жолдауында айтылған міндеттерге қатысты көзқарасын білдірді.

Еліміздің одан әрі дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын ең маңызды саяси оқиғалардың бірі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы деп санаймын. Қазақстандықтар бұл игі істі жоғары ықыласпен қабылдады. Тұңғыш Президентіміз әрдайым өзінің жыл сайынғы Жолдауында спорт мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Бұған дейін Мемлекет басшысы бұқаралық спортпен шұғылданушы халықтың санын 30%-ға дейін жеткізу туралы міндет қойса, биылғы Жолдауында өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің санын арттыруға кезең-кезеңмен көшуді міндеттеді. Осы міндеттердің барлығы халықтың ойы сергек, дені сау болуы үшін жағдай жасауға бағытталған. Елбасының тапсырмасын орындауда облыс басшылығы спорттық материалдық базаны нығайтуға үлкен қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, облысымызда жаңадан ашылып жатқан спорттық құрылымдар, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері саны жылдан жылға өсіп жатыр, – деді Мәулен Мамыров.