Нұрсұлтан Назарбаев: Ірі шиеленістер бұрын-соңды бұлай қауіп төндірген емес

Мемлекет басшысы Astana Club отырысында әлемдегі ірі державалардың қарулану бәсекесі мен әскери конфронтацияға оралу қаупі туралы айтты.

Президенттің айтуынша, дүниежүзінде Қытай, Ресей мен АҚШ арасындағы бәсекелестік сияқты текетірестер көпке дейін болмап еді.

Әлемдегі постбиполюстік аталатын тәртіп келмеске кетіп барады. Көз алдымызда Еуразияның үлкен контуры қалыптасып жатыр. Бұған жаһандық ойыншылар арасындағы қатынастардың өзгеруі де, жаһандық державалар арасындағы бәсекелестіктің артуы да ықпал етіп отыр. Ресей, АҚШ және Қытай Халық Республикасы арасындағы геосаяси бақталастықтың ушығуы жаһандық контексте ғана емес, үлкен Еуразия периметрінде де болып отыр. Тарихқа жүгінсек, бұл стратегиялық үштағанда күрделі сәттер қашан да болған, бірақ соңғы жылдары ондай жағдайларды басқару деңгейі төмендеп барады, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президентінің айтуынша, дағдарыс жағдайында түсінбеушілік пен жаңылысу әскери конфронтацияға себеп болуы мүмкін.

Ауқымды шиеленістер бұрын-соңды болмаған деңгейде қауіп төндіріп тұр. Ірі ауқымды жанжалдарға ұласуы мүмкін оқиғалардың ықтималдығы еселеп артты… Орта және кіші ұзақтықтағы зымырандарды жою туралы уағдаластықтарға қатысты жағдай қиындады. 2021 жылға дейін әрекет ететін стратегиялық шапқыншылық қарулануды азайту жөніндегі шартты ұзарту мәселесі шешілмеген күйінде қалып отыр. Келісімдердің бұзылуы қарулануды бақылау жүйесін түгел жойып жібереді, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті әлемдік державалар қарулану жарысына қайта кіріскенін, адамзат бүгіні мен балаларының келешегі үшін алаңдап отырғанын айтты. Нұрсұлтан Назарбаев Astana Club отырысы аясында талқыланған мәселелер күллі әлемге пайдасын тигізетініне сенім білдірді.

Мен Астананы төрт күштің кездесу алаңы ретінде ұсындым, олар (Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа одағы — авт.) кездесіп, экономикалық, саяси, әскери және басқа да мәселелерін байыпты талқылай алады. Мен «қырғиқабақ соғыстың» шарықтаған кезінде жасалған 1975 жығы Хельсинки қорытынды актін жаңарту керек дер едім, — деді Қазақстан басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев осы құжаттың 45 жылдығына байланысты 2020 жылы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі конференцияны өткізуді ұсынды.

Жаңа келісімдер жасау процесінің оңай болмасын түсінеміз, оның үстіне, кейбір ұлы державалар көпжақты форматта емес, екіжақты тәртіпте жұмыс істегенді артық көреді. Бұл істе көп нәрсенің әлемдік державалардың ұстанымына тәуелді екені сөзсіз. Соған байланысты әлем державаларын жаңа келісім бекіту жөніндегі бірлескен қызметке үндегім келеді, — деді Қазақстан Президенті.

Астана клубының отырысы
Фото: ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы қоры

Айта кетейік, Астанада кеше Astana Club төртінші отырысы басталған еді. Оған әлемнің 30 елінен 50-ге жуық спикер қатысып жатыр. Оның ішінде, Австрия, Ауғанстан, Бельгия, Мысыр, Италия, Польша, Португалия, Ұлыбритания, Үндістан, Индонезия, Иран, Испания, Қытай, Норвегия, Ресей, Хорватия, АҚШ, Швеция және Жапония бар. Іс-шараға экс-президенттер мен бұрынғы премьер-министрлер, бұрынғы сыртқы істер министрлері, Нобель сыйлығының лауреаттары, геосаясат жөніндегі әлемдік бестеллерлердің авторлары және халықаралық қатынастар, геосаясат пен экономика бойынша сарапшылар келді.

ДереккөзTengrinews.kz