Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл Талдықорған үлкен өзгерістерге ұшырады. Облыс орталығында жаңа әлеуметтік-мәдени нысандар салынып, биік тұрғын үйлер тұрғызылып, инфрақұрылымдар жақсарып жатыр.
Жақында ғана Бикен Римова атындағы 510 орындық жаңа драма театры ашылды. Театр жетісулықтар үшін көптен күткен оқиға болды. Оның жалпы құны 4 миллиард теңгеге бағаланған. Үш қабатты ғимараттың аумағы 10,5 мың шаршы метрден асты.
Жаңа театр сахнасында Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына арналған Орталық Азия елдерінің «Қазақстан-Еуразия жүрегі» VII Халықаралық театр фестивалі өтті.
Жергілікті билік білім саласына ерекше көңіл бөледі. Биыл білім күнінде 2400 орны бар екі жаңа мектеп салтанатты түрде ашылды. Олардың бірі — «Оңтүстік-батыс» тұрғын ауданындағы №28 IT-мектеп-лицейі. Мектеп 9 блокқа бөлініп, 59 кабинеттен тұрады. Құрылыс жұмыстарын «НСК Астана құрылыс» АҚ жүргізді. Екіншісі, солтүстік-батыс тұрғын ауданындағы №27 мектеп. Мектеп 5 блоктан, 61 оқу кабинетінен тұрады. Оны Melior Logistic ЖШС салды.
Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайына құрылыс жұмыстары жүргізілді. Қайта жаңартумен Kazstroy A & G Company ЖШС айналысты.
Орталық алаңдағы барлық ескі субұрқақ жаңартылды. Жарықшамды, құрғақ, көбікті және классикалық 7 субұрқақ пайда болды.
Талдықорғанға табиғи газ беру де кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Қаірге дейін қалада 684 километр газ құбыры салынып, 1270 абонент газбен жабдықталды. Қала ішіндегі газбен жабдықтау желілері құрылысының жалпы құны 22,5 миллиард теңге болды. Жұмыстар 55 мыңнан астам адамды қамтып, 4 кезекке бөлінген. Қазіргі уақытта қаланың бірінші және екінші кезегінің кварталішілік желілерінің құрылысы аяқталды. Газ тарату желілерінің үшінші және төртінші кезегінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Үшінші кезектің құны — 5,2 миллиард теңге, 8 мыңнан астам абонентті газбен қамту жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда жұмыс 95,53%-ға орындалды.
Талдықорғанда жол төсемдерін қалпына келтіру жұмыстары қарқынмен жүргізіліп жатыр. Облыс орталығының көшелерін күтіп ұстауға және жөндеуге 3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді, жыл соңына дейін қаланың 46 көшесін ретке келтіреді.
Талдықорған тұрғындары мен қонақтарына жыл соңына қарай 8 үй пайдалануға беріледі, оның ішінде оңтүстік-батыс тұрғын ауданының 6 шағын ауданындағы 12 қабатты 64 пәтерлі жалдамалы тұрғын үй, шағын ауданындағы 20 және 60 пәтерлі коммуналдық тұрғын үй бар. Сонымен бірге «Оңтүстік-батыс» тұрғын ауданындағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы бар 230 пәтерлік үш 16 қабатты тұрғын үй және 6 және 7 шағын ауданындағы 60 пәтерлік кредиттік тұрғын үй пайдалануға беріледі. Жыл соңына дейін Жетісу өлкесінің 480-ден астам отбасы көптен күткен шаршы метрге ие болады.
Сонымен қатар көшелерді жарықтандыру бойынша ауқымды жұимыс жүріп жатыр. Осы мақсаттарға облыстық бюджеттен 746,644 миллион теңге жоспарланған.
Қазіргі таңда қалаға инвестиция тартылып жатыр, жұмыс орындарының қатары көбейді, талдықорғандықтардың жайлы өмір сүруіне арналған жаңа нысандар пайда болды. Ал жергілікті билік тарапынан азаматтардың игілігі үшін бағытталған бастамаларға барлық қажетті қолдау көрсетіледі.